Шабыт пен жанашырлық ордасы: Алматыда тұңғыш заманауи өнер мұражайы ашылды

Алматыда елдегі алғашқы заманауи өнер мұражайы Almaty Museum of Arts ашылды Мұражай өкілдерінің айтуынша, бұл оқиға еліміздің және бүкіл өңірдің мәдени өмірінде жаңа тараудың басталғанын білдіреді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Мұражайдың ресми ашылуына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.
Аумағы 10 060 м² құрайтын мұражай ғимаратын британдық Chapman Taylor сәулет фирмасы жобалаған. Бірінші қабатта кең көрме алаңдары, оның ішінде «Ұлы Дала» (аумағы 1000 м² және төбе биіктігі-12 м) және «Сарыарқа» (520 м²) залдары орналасқан.
Сондай-ақ әйгілі суретші Ричард Серраның жұмысына арналған аумағы 550 м² құрайтын зал да бар. Мұражай ғимаратында кең көрме залдары ғана емес, сонымен бірге Шарын шатқалының табиғи сипатын көрсететін, аумағы 1112 м² жарық орталық кеңістік – «Өнер көшесі», «Әл-Фараби» көпфункционалды залы, кәсіби қор сақтау орны, қалпына келтіру залы және «Шеберхана» шығармашылық кеңістігі бар.
Екінші қабат заманауи шеберлердің экспозицияларына берілді. Келушілер Яйои Кусама, Билл Виола және Ансельм Кифер сияқты көрнекті суретшілердің туындыларын тамашалай алады.
Сонымен қатар екінші қабатта «Алатау» және «Әл-Фараби» конферецния залдары орналасқан. Ғимараттың сәулетін британдық Chapman Taylor бюросы әзірлеген, инженерлік жүйелерге Buro Happold, мұражайды жоспарлауға Lord Cultural Resources мамандары жауапты болды.
Мұражайдың визуалды бейнесі тау ландшафты мен заманауи қаланың үйлесіміне негізделген. Ғимараттың сәулет тұжырымдамасы екі L тәрізді құрылымнан тұрады: оның бірі Юра дәуірінің әктастарымен қапталған – бұл таулардың табиғи қуатын бейнелейді, ал екіншісі қазіргі қаланың қарқынды ырғағын көрсететін алюминий панельдермен жабылған.
Ричард Серраның «Қиылыс» (2011) мүсіні — американдық мүсіншінің тірі кезінде келісімімен жаңа орынға орнатылған соңғы ауқымды туындысы. Салмағы 155 тоннаны құрайтын алып, иілген болат табақтардан тұратын бұл мүсін өзіндік лабиринке ұқсайтын кеңістік. «Қиылыс» келушіні жай ғана бақылаушы емес, керісінше белсенді қатысушы болуға шақырады.
Жапон суретшісі Яёи Кусама келушілерді өзінің таңғажайып туындысы – «Шексіздік бөлмесіне» шақырады. Бұл қараңғы айна кеңістігінде суретшіге тән бұршақ өрнектері жан-жақтан жарқырап, шексіздік әсерін тудырады. Мұражайда ұсынылған «Махаббат шақырады» (2013) инсталляциясы оның шығармашылығының шыңы болып саналады. Инсталляция ішінде жүрген көрермендерді Кусаманың жапон тілінде оқыған махаббат туралы өлеңі құшағына алып, суретшінің таңғажайып әлеміне шақырады.
Неміс суретшісі Ансельм Кифер өзінің іргелі «Бұл жазбалар өртенгенде, ақыры бәрі анық болады» (2020-2021) атты кенебінде кескіндеме мен мүсін арасындағы шекараны бұзып, материал ретінде ағаш, өртенген кітаптар, көмір, эмульсиялар және басқа да дәстүрлі емес материалдарды пайдаланды.
Алғаш рет 2022 жылы Венеция биенналесі кезінде Палаццо Дукале сарайында көрмеде қойылған туынды тарих, күйреу мен қайта өрлеу туралы толғанады.
Мұражайдың жасыл желекке оранған аумағында ашық аспан астындағы мүсіндер, субұрқақтар мен демалыс аймақтары орналасқан. Олар өнер мен жайлы демалыс үшін тамаша үйлесімді орта қалыптастырады.
Almaty Museum of Arts негізін қалаушысы Нұрлан Смағұловтың жеке коллекциясынан Қазақстан, Орталық Азия және басқа елдерден 700-ден астам өнер туындысы мұражай қорына таңдап алынды.
Бұрын заманауи өнер туындыларын көру үшін азаматтарымыз шетелге баратын. Ал енді өзіміздің елімізде де бар, бұл жерге қаламызға келетін туристер де келеді деп үміттенеміз. Заманауи мұражайымыз көпшілікке шабыт пен жанашырлық сыйлайды деп шын жүректен үміттенемін. Келушілердің алғашқы пікірлері аймақтың мәдени мұрасын сақтаумен қатар, оның болашағы туралы ойлануға мүмкіндік беретін кеңістіктің маңыздылығын көрсетіп отыр. Мұндай ыстық ықылас мені шабыттандырады және мұражай білім, ашық диалог пен жаңа бастамалардың ордасына айналады деген сенімімді нығайта түседі, – деді Нұрлан Смағұлов.
Топтаманың 70%-дан астамы XX ғасырдағы танымал қазақстандық суретшілер – Жаңатай Шәрденов, Тоқболат Тоғызбаев, Мактум Қисамедин және Шаймардан Сәриевтің туындыларынан тұрады.
Сондай-ақ топтамаға Қазақстанның заманауи өнерінің алғашқы қарлығаштары – Рустам Хальфин, Сәуле Сүлейменова және Саид Атабековтің жұмыстары кіреді. Орталық Азия заманауи өнерінің кеңейіп келе жатқан топтамасына Өзбекстаннан Саодат Исмаилова мен Қырғызстаннан Жазгүл Мадазимованың шығармалары да енген.
Орталық Азия өнерінің өсіп келе жатқан топтамасы Диляра Каипова (Өзбекстан) және Жазгүл Мадазимова (Қырғызстан) сияқты суретшілердің туындыларымен ұсынылған. Ал халықаралық мәдени диалогты дамыту мақсатында коллекцияда Хадим Али (Аустралия), Сюй Чжэнь (Қытай), Жаде Фадоютими (Ұлыбритания) және жаһандық арт-сахнаның басқа да көрнекті өкілдерінің туындылары қамтылған.
Мұражай келушілерге 12 қыркүйектен бастап есігін ашады. Дүйсенбіден басқа күндері күн сайын 11:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Стандарт билет құны – 2000 теңге, арнайы билет – 500 теңге. Әр түрлі санаттағы келушілер үшін қосымша жеңілдіктер мен тегін кіру мүмкіндіктері қарастырылған.