Тоқаевтың Жолдауы: «Байтақ» партиясы су қауіпсіздігі мен экологияға басымдық бермек

0

 Астанада Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына байланысты баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шара «Жолдау – жасыл Қазақстанға бастар жол» тақырыбында ұйымдастырылып, онда партияның ресми ұстанымы мен экологиялық үндеуі таныстырылды.

Айта кетейік, Президент өз Жолдауында еліміздің саяси жүйесіне енгізіліп жатқан өзгерістерге тоқталып, «Таза Қазақстан» ұлттық жобасын жүзеге асырудың және су ресурстарын тиімді басқарудың маңыздылығына назар аударды. Мемлекет басшысы су мәселесін шешу әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық даму кепілі ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің де басты факторы екенін ерекше айтты. Сондай-ақ су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құру, білікті кадрлар даярлау және су дипломатиясын дамытуға басымдық беру қажеттілігіне тоқталды.

«Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев партияның Мемлекет басшысының бастамаларын толық қолдайтынын жеткізді.

Кеше біз Президент Жолдауын тыңдадық. Бұл – Қазақстанның даму картасы. Біз үшін ең маңыздысы – су ресурстарын тиімді пайдалану және экологияны қорғау. Президент атап өткендей, цифрландыру, инвестиция және жасыл энергетика елдің жаңа болашағының негізін қалайды. Біз әрбір бастамаға жасыл акцент қосуға дайынбыз: цифрлық технологияларды табиғатты қорғауға пайдалану, инвестициялық жобаларды экологиялық сүзгіден өткізу, атом энергетикасына қатысты шешімді ашық әрі қауіпсіз жолмен қабылдау қажет. Сондай-ақ бір палаталы парламент құру жөніндегі ұсыныс – тарихи бастама. Бұл халықтың даусын күшейтеді және демократиялық жүйені жеделдетеді, – деді ол.

Партия төрағасының орынбасары Олег Пак парламенттік реформалар туралы сөз қозғап, өзгерістер тек бір палаталы парламентпен шектелмей, депутаттардың дербестігін арттыруға бағытталуы тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, халықтың мүддесін қорғау – депутаттардың басты миссиясы болуы қажет.

Ал Астана қаласы бойынша Әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Темірқұлқызы Президент бастамасын тарихи сәт деп бағалап, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау маңызды екенін атап өтті.

Әрбір шешім балаларымыздың болашағына әсер етеді. Сондықтан әйелдер қауымы ретінде біз қоғамда өзара құрмет пен түсіністі сақтауға шақырамыз. Президенттің халыққа сенімі – үлкен жауапкершілік. Бұл сенімді ақтауымыз керек, – деді Роза Темірқұлқызы.

Партия жобаларының жетекшісі Қуандық Нұртаев та Жолдау елдегі жаңа саяси маусымның басталғанын білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл кезең жаңа парламенттік сайлауға дейін созылып, экологиялық күн тәртібін жүзеге асыруға нақты мүмкіндік береді.

Сонымен қоса жиында су ресурстарын тиімді басқару және қорғау, «Таза Қазақстан» жобасы аясындағы экологиялық бастамаларға партияның ресми ұстанымы мен атом энергетикасына қатысты көзқарастар тілге тиек етілді.

Партия өкілдері Мемлекет басшысы ұсынған бастамаларды толық қолдай отырып, жасыл әрі тұрақты Қазақстан құру жолында белсенді жұмыс атқаратынын мәлімдеді. Олардың пікірінше, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, су қауіпсіздігін сақтау және демократиялық институттарды нығайту – еліміздің болашағы үшін негізгі басымдықтар болып қала бермек.


ПІКІР ЖАЗУ