Шымкентте бауырлар арасындағы жанжал өліммен аяқталды

0

Шымкентте інісін өлтірген күдікті қызметтік иттің көмегімен дер кезінде ұсталды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Ағайындылар арасындағы жанжал марқұмның бауырына есірткіні қолдануды тоқтату керек деген ақылынан басталғаны белгілі болған. 

Өткен демалыс күндері Еңбекші АПБ-ның “102” арнасына кісі өлімі туралы хабарлама келіп түскен. Шақырту бойынша жедел-тергеу тобымен бірге Шымкент қалалық ПД бастығының орынбасарлары Серік Ергешов пен Арман Бейсенбаев және аудан прокурорлары да шыққан. Мекенжайға жеткен полиция қызметкерлері үйдің ауласынан зорлық белгілері бар ер адамның өлі денесін тапқан, — делінген Polisia.kz мәліметінде.

Анықталғандай, жергілікті тұрғын отбасылық жанжал кезінде інісінің кеуде тұсынан ас үй пышағымен ұрып, белгісіз бағытқа қашып кеткен.

Полиция департаментінің бас жедел уәкілі Арман Бейсенбаевтың нұсқауымен криминалдық полицияның жедел уәкілі Құттыбек Оңалбеков пен кинолог Мейіржан Қасымбеков қызметтік итті ертіп, үй маңында орналасқан темір жол жақты іздеуге шыққан. Полиция иті Грей бірден ізді анықтап,  тәртіп сақшыларын киімін ауыстырып үлгерген күдіктіге апарған. Қызметкерлер ер адамды қамауға алды.

Бүгінде аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін іс бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.


ПІКІР ЖАЗУ