Түркістан облысында моншадан шыққан сарқынды су табиғатты ластап жатыр
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат — Түркістан облысында сарқындысы ашық жерге ағып, кір-қоң суы табиғатты ластап жатқан моншалар жаппай тексеріледі. Бұл туралы аймақ әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Түркістан облысында жер астынан шығатын ыстық судың үстіне кәсіпкерлер 69 монша салған. Олардың ең көбі Отырар мен Келес, Сарыағаш және Ордабасы аудандарында орналасқан. Оның ішінде 16 монша кәріз жүйелеріне қосылса, 23 моншаның сарқынды суы талапқа сәйкес емес септикке төгілуде. Кей моншалар Экология департаментінің рұқсатынсыз жұмыс істеп жатыр. Ал, қалған 30 моншадан шыққан сарқынды су тікелей жер бедеріне ашық күйде төгілуде. Яғни, термалды судан пайда тауып жатқандар лас суды сүзгіден өткізетін қондырғы орнатпаған. Шайынды кәріз жүйесіне емес, далаға ағып жатыр. Жайылымға жеткен сабынды су малға, қоршаған ортаға және егістік алқаптарға зиян келтіруде. Бизнес өкілдеріне экологтар ескерту жасап, сүзгі орнатуды жүктеген. Алайда нәтиже жоқ.
Жиында Дархан Сатыбалды жыл соңына дейін барлық моншаларды заң талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізуді жүктеді және моншадан шыққан сарқынды сулардың көлеміне қарай модульді тазартқыш қондырғылары орнатылуы тиіс екендігін айтты.
«Бұл проблема жылдар бойы шешімін таппай келе жатыр. Ешқашан қолға алынбаған. Тексерулерден еш нәтиже жоқ. Аталған кемшіліктерді монша иелері өз қаражаты есебінен жойып, санитарлық нормаларына келтіру қажет. Осы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Кәріз жүйелеріне қосылмаған моншаларға Экология департаментімен бірлесіп, заң аясында тиісті шаралар қабылдансын. Жыл соңына дейін барлық моншаларды заң талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізілсін,-деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.