Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде 3 жылға есептелген кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігі.
Кесененің құрылымдық құрылымын зерттеу үшін ғимарат толығымен 3D сканерлеуден өтеді. Бұл кесене құрылымындағы ақауларды анықтауға және ғылыми-зерттеу жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, XVI ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейін кесенеге қатысты ғылыми және тарихи дереккөздерді цифрландыру жоспарланған. Цифрлық қайнар көздер нысанда жүргізілетін ғылыми және ғылыми-реставрациялау жұмыстарының ақпараттық базасын құрайтын болады.
Тарихи нысанның пайда болуы, архитектуралық шешімдер мен қалпына келтіру жұмыстары туралы құнды деректерді цифрландыру болашақта ғылыми-зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары үшін маңызды.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарының басым бағыттарының бірі — мониторингтің автоматтандырылған жүйесін құру. Бұл автоматты жүйе арқылы Ясауи кесенесінің геометриялық және деформациялық жай-күйін, сондай-ақ объектінің ылғалдылық деңгейін, сейсмикалық белсенділігін және дірілге төзімділігін мониторингке арналған аппаратураның көмегімен тәулік бойы бақылауға болады.
«Автоматтандырылған мониторинг жүйесін құру Ахмет Ясауи кесенесінде жүргізіліп жатқан кешенді ғылыми-зерттеу жұмысының бір бөлігі ғана. Отандық білікті ғалымдар мен Ираннан, Әзірбайжаннан және басқа елдерден шақырылған мамандардан тұратын жұмыс тобы құрылыс материалдарын, олардың құрамын зерттейді, сондай-ақ ғимаратқа экологиялық, гидрогеологиялық, микробиологиялық және сейсмикалық зерттеулер жүргізеді», – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Арман Жүдебаев.