Қала күні қарсаңындағы қуаныш: жаңа балабақшаның лентасы қиылды
Арыс қаласында қала күні қарсаңында ерекше оқиға орын алды – жаңа балабақша өз есігін айқара ашты. Қаланың ең жас тұрғындарына арналған бөбекжайдың лентасын салтанатты түрде қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл және қаланың құрметті қонақтары қиды.
Маңызды шараға қала тұрғындары, ата-аналар мен балалар, сондай-ақ құрметті қонақтар қатысты. Су жаңа балабақшаның ішін аралап көрген қала әкімі өз сөзінде бұл балабақшаның балалардың толыққанды дамуы мен тәрбиесіне үлкен үлес қосатынын атап өтті. Ол сондай-ақ қала әкімдігі жекеменшік балабақшаның құрылысын уақытылы аяқтап, сапалы жұмыс атқарған балабақша меңгерушісіне алғысын білдірді.
Почтовый тұрғын ауданында орналасқан 140 орындық жаңа балабақша заманауи стандарттарға сай салынған. Қосқабатты балабақшада балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін барлық жағдайлар жасалған. Мекеме заманауи құралдармен жабдықталған және жасөспірімдерді тәрбиелеу мен оқытуға арналған бағдарламалармен толықтырылған.
Қос мереке қарсаңында ашылған бөбекжай – қаланың дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолындағы кезекті қадам. Қала әкімдігі алдағы уақытта да осындай маңызды жобаларды жүзеге асыруды жалғастыра беретін болады.
Айта кетейік, Арыс қаласының білім бөліміне қарасты мектепке дейінгі 59 ұйым бар. Оның ішінде 10 балабақша мемлекеттік болса, қалған 49 балабақша жекеменшік. Онда 5841 бала тәрбиеленуде.