Түркістан қаласын дамыту мәселесі жан-жақты сарапталды

0

Түркістан облысының аудан, қалалары Түркістанға қарап бой түзейтінін ескерсек, мұндағы жұмыс сапалы әрі мазмұнды болуы керек. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдерінің даму тұжырымдамаларын тыңдауда. 2025-2030 жылдарға арналған «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштері және резервтер, қаланың әлеуметтік экономикалық дамуы туралы Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков есеп берді.

Түркістанның даму барысы талқыланған мәжілісте Дархан Сатыбалды қала әкіміне инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыс атқаруды тапсырды. Мәжілісте шаһардың өзекті мәселелері ортаға салынып, шешу жолдары талқыланды. Өңір басшысы кемшіліктерге жеке-жеке тоқталып, жұмыс барысындағы олқылықтарды ортаға салды. Халықпен алғашқы жартыжылдықтағы кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы сараланды. Облыс әкімі шаһарды жан-жақты дамытуға күш салынып, көгалдандыруға басты назар аударуды тапсырды.

Түркістан қаласы аумағын көгалдандыру мақсатында қаланың жасыл қорын көбейту, қайта құру және дамыту қазан-қараша айларында ағаш көшеттерін егу жұмыстары жүргізіледі. Осы мақсатта, күз мезгілінде жалпы 205 000 дана жапырақты, жемісті, бұталы ағаштар егілу жоспарлануда. Жасыл белдеуге 2 427,5 га жер аумағы өткізілді. Қосымша 348,5 га құрайтын жер беру жоспарлануда. Жер телімдеріне зерттеу-зерделеу жұмыстары жүруде.

– Әкімдердің жұмысы халықтың әл-ауқатына байланысты бағаланады. Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті – өмір сүру сапасын жақсарту. Осы бағытта жан-жақты мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмысты жандандыру керек. Индикаторлар орындалуы тиіс. Түркістан жасыл желекке оранған, халық үшін қолайлы қала болуы тиіс. Ол үшін барлық мүмкіндік бар, – деді Дархан Сатыбалды.

Жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы 7 айда 196,4 млрд.теңгеге жетіп, өсім 9,5%-ды құрады. Жалпы қалада экономикалық белсенді халық саны 83 мыңнан асады. Еңбек индикаторындағы негізгі міндет –  жұмыссыздық деңгейін төмендету. «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында тұрақты және уақытша бос жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде жаңа және субсидияланатын жұмыс орындарынан бөлек, шағын несие және мемлекеттік грант беру жұмыстары да қамтылады. Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдау және еңбек нарығын дамыту бағыты бойынша «Бастау бизнес» жобасы 500-ден аса адам сертификат алды. Жүзден аса тұрғын кәсіпкерлік негіздерін оқыған. Сұранысқа ие дағдыларды 300-ге жуық адам онлайн меңгерген.

Түркістан қаласына инвестиция тарту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймағынан 7 га жерге 200-ге тарта жаңа жұмыс орны бар 4 жоба іске асырылмақ. Бұдан бөлек, индустриалды аймақта 11 жоба іске асырылуда. 190 гектарды құрайтын аймақта 39 жоба орналасқан. Онда 1500-ден аса адам жұмыспен қамтылған.

Былтыр қалада құрылыс жұмыстарының көлемі 218 миллиард теңгеге жеткен. Жоспар 13 миллард теңгеге артығымен орындалып ғана қоймай, пайдалануға берілген тұрғын үй саны да артқан. Яғни, құрылысы біткен тұрғын үйлердің шаршы метрі 417 мыңға жетіп, жоспар 23 мың шаршы метрге артығымен орындалған. Бүгінде 16 мыңнан астам адам тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде тіркелген. Оларды баспанамен қамту мақсатында 2024-жылы 1314 пәтерді сатып алу үшін 30,2 миллиард теңге бюджеттен қаралған. Одан бөлек «Отбасыбанк» арқылы 3317 пәтер сату жоспарланған. Бүгінгі таңда 2 мыңнан астам пәтер сатылды. Қалған пәтерлер жыл соңына дейін сатылатын болады.

Облыс орталығының инфрақұрылымы да жақсарып келеді. Түркістан қаласында ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қалада орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған абонент саны 16 мыңнан асып, қала тұрғындарының 36%-ын құрады.

Сарқынды су құбырлары 400 шақырымнан асады. Қазіргі таңда қала аумағында сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында 15 нысанның (11 нысанның құрылысы жүргізілуде, 4 нысанның құрылысы басталуда) құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қосымша 3 нысанның ЖСҚ-сы дайындалуда. Нәтижесінде орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған абонент саны 33 690-ға жетіп, қамту көрсеткіші 72%-ға жететін болады.

Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған, яғни Түркістан халықаралық көлік магистралы желісінде орналасқан. Қаланың әлеуметтік-инфрақұрылымында да басты нысандар туристерге қызмет атқара алады.


ПІКІР ЖАЗУ