Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады

0

Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады.

Президент сөзінің басында Парламент өткен сессияда 102 заң қабылданғанын атап өтті. Олардың қатарында қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске, ғылым және технология саясатына, жылу энергетикасына қатысты және басқа да заңдар бар.

Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік салаға, соның ішінде балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінген.Президент халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынғанына назар аударып, арқаны кеңге салуға болмайтынын, алдымызда әлі талай ауқымды жұмыс тұрғанын айтты.

– Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамытуды, ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жоюды, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсартуды, өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалануды, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешуді, еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыруды, ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртуды, экологиялық ахуалды жақсартып, қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуді, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыруды, сондай-ақ қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыруды көздейтін бірқатар бастаманы ортаға салды.Президент тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің маңызды міндеті екенін атап өтті.

– Біз – берекелі бірліктің арқасында түрлі сынақтан сүрінбей өткен халықпыз. Алдағы уақытта да солай болмақ. Бәріміз бір ел болып, әділетті және дамыған Қазақстанды бірге құрайық. Сонда әркім өз елінің кірпіші болып қаланып, арман-мұратына жете алады. Әр адамға және баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекетті, яғни Әділетті Қазақстанды болашақ ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет. Мен Мемлекет басшысы ретінде осы міндетті орындауға бар күш-жігерімді саламын. Сіздер де ортақ мақсатқа жету үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


ПІКІР ЖАЗУ