Түркістандық боксшылар 2 жарыстан 11 медаль еншіледі

0

Ақтау қаласында бокстан ересектер арасында Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған XVI халықаралық турнир аяқталды. Апта бойында ринг көркін қыздырған боксшылар бәсекесінде Түркістан облысының спортшылары табысты өнер көрсетті.

Тартысты өткен жекпе-жектер нәтижесінде 48 келіде Нұрғиса Тұрабеков пен 86 келіде жұдырықтасқан Бекболат Әбдікерім барлық қарсыласын тізе бүктіріп, алтыннан алқа тақты. Ал 60 келіде Арслан Жолдасбаев пен 71 келіде Темірхан Тезек қола медальді қанағат тұтты. Шымкентте Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған 43 халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Биыл жоғары дәрежеде ұйымдастырылған бокс додасында Қазақстан ұлттық құрамасының үздік былғары қолғап шеберлері қатысып, өз шеберліктерін байқап көрді.

Тартысты өткен жекпе-жектер нәтижесінде Түркістан облысының жұдырықты жігіттері 2 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль олжалады. Жүлде салған спортшылар қатарында 54 келіде ринг көркін қыздырған Сәкен Бибосынов жарақатына байланысты күміске қол созса, 67 келіде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы алтын медальді мойнына ілді. Ал 67 келіде өнер көрсеткен тағы бір жерлесіміз Бақтияр Анарбаев қола медальді қанағат тұтты.

Сондай-ақ 92 келіде қос түркістандық боксшы Сағындық Тоғамбай мен Абзал Құттыбеков ақтық сында кездесіп, бар күш-жігерлерін көрсетті. Тартысты жекпе-жек нәтижесінде Сағындық Тоғамбай жеңіске жетті. Осылайша Сағындық 1-орын иеленсе, Абзал 2-орыннан көрінді. +92  келіде Түркістан облысының үміті Нұрлан Сапарбай мен елордалық Айбек Оралбай бас жүлдеге таласты. Нәтижесінде Айбек Оралбай абсалютті салмақта жеңімпаз атанды. Осы салмақта Даниял Сапарбай қола медальді облыс қоржынына салды.


ПІКІР ЖАЗУ