ТҮРКІСТАН: білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыс жалғасуда
Бүгін Түркістан облыстық әкімдігінде Ордабасы және Сауран аудандық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты анықталған бірқатар заңбұзушылықтар туралы ұсынуларды қарау бойынша мәжіліс өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары, құқық қорғау органдары мен жауапты басқарма басшылығы, аудан, қала әкімдерінің сала бойынша жетекшілік ететін орынбасарлары, білім бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Алдымен Түркістан облысы прокуратурасының Ордабасы аудандық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты мәселелер қаралды. Облыс прокурорының аға көмекшісі Ерарыс Жолбарыс сөз алып, орын алған заңбұзушылықтарды ортаға салды. Ал Облыстық білім басқармасының жалпы бөлімінің басшысы Әлжан Сапарбеков бақылаудан күшейтіліп жатқанын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев заңбұзушылықтарға ықпал еткен себептерді анықтап, аталған жағдайларды жою жөнiндегi ұсыныстарды жіті зерделеп қарау керектігін айтты.
Жиынның екінші бөлігінде Түркістан облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Сауран аудандық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты анықталған бірқатар заңбұзушылықтар талқыланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бұлан Рақымжанов, аталған департаменттің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Мұрат Өтегенов бірқатар мәселені ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді.
– Бүгінде облысымызда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмыстар жүйелі түрде қарқынды жүргізіліп жатқандығына қарамастан, осындай оқиғалардың кездесетіні өкінішті. Жаңа жүйеге көшкенімізбен кейбір аудандарда деректер тіркеліп отыр. Сондықтан әрбіріңіз өз ұжымыңызда жемқорлықтың алдын алу бойынша тиісті шараларды қабылдап отыруларыңыз қажет. Әрбір қызметкеріңіз үшін сіздер де жауаптысыздар, тиісті қадағалау, тексеру жұмыстарын барынша күшейтуді тапсырамын, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.
Мәжіліс соңында онлайн қатысқан аудан, қала әкімдерінің сала бойынша жетекшілік ететін орынбасарлары мен білім бөлімінің басшылары тарапынан сауалдар қойылып, ұсыныстар пысықталды.