ТҮРКІСТАН: 49 медициналық нысан қараша айынан пайдалануға беріле бастайды

0

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 2024 жылы 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету нысан салу жоспарланған. Бүгінде 48 нысанның құрылысы жүргізілсе, 1 нысан жеке инвестиция есебінен пайдалануға берілді. Осы жұмыстарды пысықтау мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен жиын өтті. Оған жауапты басқармалар және мердігер компаниялардың жетекшілері қатысты. Өңір басшылығына атқарылған жұмыстар мен қазіргі таңдағы жағдайы баяндалды.

— Ұлттық жоба негізінде ауылдардың ішінде ең қажетті аумақтарды белгілеген едік. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен республикалық және облыстық бюджеттен қаржылар толық бөлініп, игерілді. Мұндай ауқымды құрылыс бұған дейін болмаған. Қатаң ескертемін. Құрылыс сапалы жүргізіліп, уақтылы аяқталуға тиіс. Мен айтқан кемшіліктерді ретке келтіруді тапсырамын. Ауыл халқы бұл нысандарды күтуде. ФАП-тарды биыл қараша және желтоқсан айларында қолданысқа тапсырамыз. Кезең-кезеңімен ашылады. Ел игілігі үшін бар-күш жігерді арнауымыз қажет. Халық бізге сенім артып отыр, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Айта кетейік, осы жылы 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт салынуда. Жалпы 49 денсаулық нысан инжинерлік желілермен қамтамасыз етіледі. Түркістан өңірінде денсаулық сақтау саласы бойынша ауқымды жұмыстар жалғасын табады.


ПІКІР ЖАЗУ