Үй кезегінде тұрғандардың мәселесі шешілген жоқ – Бектенов

0

 Баспана кезегінде шынымен мұқтаж азаматтар ғана болуы керек. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құрылыс индустриясы – ел экономикасындағы негізгі салалардың бірі. Тұрғын үймен қамту, инфрақұрылымды дамыту, жұмыс орындарын құру және инвестиция тарту мәселесі дәл осы құрылыс секторына тікелей байланысты. Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін жаңадан 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу міндетін қойды. Бұл міндет жүйелі негізде және кезең-кезеңмен орындалуға тиіс. Біз өткен жылы Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасын қайта қарадық. Онда азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды іс-шаралар қамтылған. Қазіргі таңда нәтижесі жаман емес, — деді Бектенов.

Елімізде жаңа тұрғын үй құрылысы жыл сайын ұлғайып келеді. Биыл Үкімет аталған секторды одан әрі ынталандыру мақсатында қосымша шараларды іске асырды. Атап айтқанда, Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң қабылданды. Ол баспанамен қамтамасыз етудің ашық әрі түсінікті жүйесін құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар іске қосылып, қаржыландыру көлемі артты.  Алайда көріп отырғанымыздай, құралдардың барлығы бірдей тиімді әрі толыққанды қолданылып отырған жоқ. Сондықтан өңірлерде бөлінген қаражатты уақытылы игеріп, ұсынылған құралдарды пайдалану қажет, — деді Олжас Абайұлы. Тағы бір маңызды міндет – баспана кезегінде тұрғандардың қолданыстағы тізімін жаңарту.

Мен тізімдерді түгендеп, бір жүйеге келтіруді тапсырған болатынмын. Бірақ бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Сондықтан оны тездету керек. Баспана кезегінде, шынымен мұқтаж азаматтар ғана болуы керек. Сондай-ақ инженерлік желілерді тарту мәселесіне де назар аударғым келеді. Инфрақұрылымның жоқтығынан объектілерді іске қосу тым ұзаққа созылып кетуде. Мұндай мысалдар әр өңірде бар. Әкімдіктер құрылыс жұмыстарын инженерлік желілермен үйлестіре отырып жүзеге асыруы қажет. Құрылыстың санымен қатар сапасын да естен шығармау керек, — дейді ол.

Бектенов үй құрлысына қатысты шағым көп екенін атап өтті. Өкінішке қарай, соңғы жылдары ереже талаптарының бұзылуына және құрылыс нысандарының уақытылы іске қосылмауына қатысты шағымдар саны көбейіп барады. Осы мәселелерді жүйелі түрде шешу қажет. Жаңа Құрылыс кодексінің жобасында құрылыс сапасына бақылауды күшейту, саланы цифрландыру, сәулеттік қадағалаудың тиімділігін арттыру бойынша шаралар кешені көзделді. Тағы бір өткір проблема – үлестік құрылыстағы заң бұзушылық болып отыр, — деді Премьер-министр.


ПІКІР ЖАЗУ