Түркістанға туристердің жартысы Өзбекстаннан келген
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Мәжіліс кулуарында өңірге биыл млн-ға жуық турист келгенін және ол санды 2 млн-ға жеткізуді жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
10 айдың көлемінде (Түркістан облысына – ред.) 953 мың адам келді. Былтырмен салыстырғанда өсім бар. Бір жылдың көлемінде 1 млн адам келген. Біз қазір 10 айдың көлемінде соған жетіп отырмыз. Осы азаматтардың 92 мыңнан астамы Түркістан қаласындағы қонақ үйлерде орналасқан. Үш жыл бұрын 38 қонақ үй болған. Сұраныс көбейгендіктен қонақ үй саны 68-ге жетті. 92 мыңнан астам азамат бір күн болса да Түркістан қаласында тоқтап, қаланың тиісті сервистік қызметін алды. Бізде қазір 6 жылға жоспар бар. Осының ішінде 13 түрлі туристік бағыттағы жобаларды жоспарлап отырмыз. Оған 145 млрд теңге қазіргі есебімізден қаражат жоспарлап отырмыз, — дейді ол.
Әкімдік Түркістанға келетін қонақтардың санын 2 млн-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Оның ішінде 900 мыңнан астам жұмыс орны ашылуы керек. Қазіргі есеп бойынша 13 жоба толық іске қосқан кезде жылдық салық түсімдері 400 млн теңге болады. Түркістан облысы әкімдігі 2030 жылға дейін өңірге келетін туристердің санын 2 млн-ға жеткізбек.
Облыс орталығы құрылған кезеңде Ташкент пен Түркістан арасында арнайы теміржол жобасы есептелген. Бірақ кейінгі уақытта ол жоба әлі толық басталмады. Биыл Түркістан қаласына 20 мыңдай шетелдік турист келсе, соның елу пайызы Өзбекстаннан келіп отыр. Бұл дегеніміз біздің көрші ел, соның ішінде Ташкент, Самарқанд аумағынан қызығушылық бар. Биыл сондай-ақ Самарқанд-Түркістан бағытында арнайы әуе рейсі жоспарланған. Бірақ бұл жоба да толық іске аспады. Мәліметтер бойынша билет алып қызығатын азаматтарды жарнамалық мазмұнда көбірек қызықтыру керек. Сондай жағдайда Самарқанд, Бұқара, Ташкент, Түркістан аумағында туристік арнайы маршруттар жүйесін қалыптастыруға болады деп санаймыз, — дейді Бейсенбай Тәжібаев.
Қазір Түркістан үш халықаралық рейс бар: Кувейтпен, Абу-Дабимен, Ыстанбұлмен. Ендігі кезекте Бакумен және Мәскеумен ашу жөнінде келіссөз жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Мәжілісте Түркістан қаласына қатысты заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр. Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Түркістанда арақ сатуға және оны ішуге тыйым салуды ұсынды. Қалада тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін нысан салуға рұқсат етілмеуі мүмкін. Мәжілістің жалпы отырысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайы мүшкіл екені де айтылды.