Президент құттықтауынан кейінгі Жаңажылдық бейнебаян қалай түсірілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңажылдық құттықтауынан кейін дәстүрлі түрде орындалатын әнұранға түсірілген бейнебаян биыл да ерекше болды. Осыған орай бейнебаян режиссері Ақылбек Шалжановқа хабарласып, түсірілімнің қалай жүргізілгенін сұрап білген едік.
— Жаңажылдық бейнебаянды екі бөліммен түсірдік. Бірінші – Мемлекет басшысы құттықтауынан кейін Президент оркестрі 50 музыкантының сүйемелдеуімен Құрмет қарауылының 150 қызметкері орындаған әнұран, — деді ол. Режиссердің айтуынша, екінші бөлімде дирижер Динара Тілендиева мен танымал пианист Ratovich-тің әуенсіз композициясы түсірілді. Бұл композиция барлық телеарнаға таратылып, әр телеарна жаңажылдық кешке арналған музыкалық бағдарламаларын осы композициямен бастады.
— Бұл бейнебаянда екі оркестрді қостық. Біріншісі – Отырар сазы, екіншісі – Астана Опера. Динара мен Ratovich-тің түсірілімі екі күнге жоспарланды. Бірінші күнгі түсірілім толықтай далада жүргізілді. Ақорданың алдына Құрмет қарауылының 100 және артына 50 қызметкері сап түзеді. Ал Ratovich Ақорданың артындағы алаңқайда пианиномен әнұранды ойнады. Екінші күнгі түсірілім тек Ақорданың ішінде болды. Онда Отырар сазы мен Астана Опера оркестрлері әнұранды орындады. Бұл кезде Ақорданың алдына Құрмет қарауылының 100 қызметкері сап түзесе, ал ішінде 150 адам әнұранды шырқады, — деді режиссер.
Оның атап өтуінше, бейнебаян түсірілімнің үшінші күні рум турға арналды.
— Бұл күні халық көре бермейтін, білмейтін Ақорданың ішіндегі Мемлекет басшысы мәртебелі меймандармен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өтізетін залдарды, кітапхананы, қысқы бақты, ғимаратқа кіре берісті көрсетуге тырыстық. Мұны биылғы түсірілімнің басты ерекшеліктерінің бірі десек, артық айтқандық емес. Яғни, халыққа Ақорданың есігін айқара ашып, бейнебаян арқылы саяхат жасауға мүмкіндік бердік, — деді ол. Өз кезегінде Ақылбек Шалжанов тағы бір ерекшелікті атап өтті.
— Тағы бір ерекшелік – алтын жіп. Жаңа жыл мерекелік көңіл күй сыйлайтын ерекше күн болғандықтан ертегі элементтерін қостық. Яғни, әуеден төмен құлдилаған алтын жіп Ақорданың басты есігі арқылы ішке еніп, жоғарыда атап өткен рум тур кезінде әр залды көрсетіп келе тазыға айналады. Тазыны Ақордаға кіргізу себебі – ұлттың жеті қазынасын жаңғырту. Басқа ит тұқымдарына қарағанда өте таза, жағымсыз иісі жоқ. Сондықтан тек тазыны ғана киіз үйге кіргізген. Одан кейін тазы бүркітке айналу арқылы ғимараттан ұшып шығып, Ақорданың төбесіне қонақтайды. Бүркіт – қазақ үшін киелі құс. Туымызда да бейнеленген, — деді А. Шалжанов.
Оның атап өтуінше, Президент Телерадиокешені өткен жылдан бері Мемлекет басшысының құттықтауынан кейінгі әнұранды орындау сәтін ерекше жасауға тырысып келеді.
— Естеріңізде болса, өткен жылы Димаш Мемлекет басшысының Жаңажылдық құттықтауынан кейін Ақордада әнұранды орындап, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлаған еді. Биыл да осы деңгейден төмен түспеуге тырыстық. Телерадиокешеннің шығармашылық ұжымы бұл бейнебаянды түсіруге бүкіл жан-дүниесін салды. Сондықтан да көзіқарақты көрерменнің көңілінен шықты деп ойлаймыз, — деді бейнебаян режиссері.
Түсірілімге Президент Телерадиокешенінің 30-дан астам қызметкері жұмылдырылды. Нақтырақ айтқанда, «ҚР ПІБ Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» ШЖҚ РМК Бас директоры Раушан Қажыбаева түсірілім барысына толықтай басшылық жасады.
Сонымен қатар Jibek Joly / Silk Way телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуған да зор үлесін қосты. Жалпы, бейнебаян Деректі фильмдер орталығының түсірілім тобы жүзеге асырды. Продюсері — Әлібек Құламан, режисерлары — Ақылбек Шалжанов, Алмас Сәткенов , Зухраб Отаров, монтаж режиссері – Қуаныш Абилмажинов.