Мәжіліс депутаты Арыс қаласына іс-сапармен келді

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Балабиев жұмыс сапарымен Арыс қаласына келді.
Алдымен халық қалаулысы «Арыс жылу» КМК-на қарасты Орталық қазандықтың жұмысымен танысты. Мекеме мамандарымен кездесіп, жаңадан орнатылған қазандықтардың бүгінгі ахуалымен танысты. Аталған қазандық өткен жылы толық жаңартылып, табиғи газға ауыстырылған болатын. Қазандықтардың технологиялық процестері толығымен автоматтандырылған. Бүгінде «Арыс жылу» мекемесі арқылы 27 көпқабатты тұрғын үй (1229 абонент), 11 бюджеттік мекеме мен 10 коммерциялық ұйым жылумен қамтамасыз етіліп отыр.
Бұдан кейін, Отырар шағын ауданында бой көтерген 600 орындық жаңа мектеп құрылысын бақылады. Аталған мектептің негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, қолданысқа беруге әзірлік жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.
Әрі қарай, мәжіліс депутаты Арыс қаласындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесті. Шара аясында мәжілісмен парламент қабырғасында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Өз кезегінде балабақша меңгерушілері өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Оларды алаңдатқан негізгі мәселелердің бірі – ваучерлік қаржыландыру тәсіліне негізделген жүйе пилоттық жоба төңірегінде болды. Айтуларынша аталған жүйенің шикілігі көп көрінеді. Мәжіліс депутаты бұл мәселемен таныс екенін айтып, жауапты министрліктерге тиісті депутаттық сауал жолдайтынын жеткізді.
Мұнан соң, Қайрат Рақымұлы қала басшысы Қайсар Маңқараевпен бірге «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалында тұрғындармен қоғамдық қабылдау өткізді. Аталған жиынға қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, Облыстық мәслихат депутаты Ержан Қосмамбетов, «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков қатысты.
Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың өздерінің өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді. Негізінен көтерілген мәселелер тұрғын үй кезегі төңірегінде болды. Көтерілген мәселелер бойныша тиісті мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс жасап, депутаттық сауал жолдап, шешу жолдарын барынша қарастыратындығын жеткізді.