Арыста 13 қаңтардан бастап заманауи Аvtobys төлем жүйесі іске қосылады

0

2025 жылғы 13 қаңтардан бастап Арыс қаласында қоғамдық көліктер Avtobys инновациялық төлем жүйесімен төлем қабылдай бастайды. Бұл қоғамдық көліктің жайлылығын, ашықтығын және қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.

ЖҮЙЕНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ ҚАНДАЙ?

Жүйенің арнайы қосымшасы арқылы жолаушылар автобустардың нақты қай жерде келе жатқанын бақылап, олардың келу уақытын болжай алады және сапарлары үшін ең қолайлы бағыттарды таңдай алады. Жүйе барлық қаржылық операциялардың ашықтығын қамтамасыз етеді, маршруттарды басқаруды жақсартады және жолаушылар ағынын нақты уақытта талдауға мүмкіндік береді.

ЖҮЙЕ «АҚЫЛДЫ ҚАЛА» ТҰЖЫРЫМДАМАСЫНА НЕГІЗДЕЛГЕН

Бұл тек қоғамдық көліктің жұмысын оңтайландыруға ғана емес, сонымен қатар «ақылды қала» тұжырымдамасын енгізуге негіз қалайды, мұндай технологиялар тұрғындардың игілігі үшін жұмыс істейді.

ЖҮЙЕ ІСКЕ ҚОСЫЛҒАН СОҢ, БАҒАЛАР ӨЗГЕРЕ МЕ?

Avtobys жүйесі іске қосылған соң, AVTOBYS КӨЛІК КАРТАСЫ арқылы төлеу кезінде баға бұрынғыша ересектер үшін –  50 (елу), оқушылар үшін 25 теңгені құрайды. Ал қолма қол ақшамен төлеу кезінде – ересектер 70 (жетпіс) және оқушыларға 35 теңге болады.

Сонымен қатар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ  I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, І топтағы мүгедектігі бар тұрғындар да AVTOBYS КӨЛІК КАРТАСЫ арқылы бұрынғыша тегін жүреді.

AVTOBYS КӨЛІК КАРТАСЫН ҚАЙДАН АЛАДЫ?

Қала әкімдігі ғимараты жанынан ашылған Халықтық кеңсеге (фронт офис) келіп алуға болады. Мұнда арнайы мамандар жан-жақты кеңес беруге әзір.

AVTOBYS ЖҮЙЕСІН ҚАЛАЙ ПАЙДАЛАНУДЫ БАСТАУҒА БОЛАДЫ?

Avtobys қосымшасын App Store немесе Google Play арқылы жүктеп алыңыз; Тіркеліп, электронды әмиянды каспи қосымшасы арқылы толтырыңыз; Қосымшаны қала автобустарында жүру ақысын төлеу және сауда жасау үшін қолданыңыз;


ПІКІР ЖАЗУ