Түлкібас: аудан басшысы аймақтың даму жоспарына енген нысандардың жұмысын бақылады

Аудан әкімі Аскар Естибаев туризм және кәсіпкерлік бағытындағы ауданымыздың басты даму жоспарына енген біршама нысандарда болып, бүгінгі таңда ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Атап айтсақ, аудан орталығына қарасты «Ақсу Жабағылы» шипажайын ұлғайту жұмыстары, Майтөбе ауылындағы «Түлкібас жеміс жидектері» ауылдық тұтыну кооперативінің қазіргі жағдайын бақылап, кәсіп иелерімен сұхбат құрды. Мемлекеттен қолдаулар қажет болған жағдайда әкімдік тарапынан Заң аясында тиісті шаралар қабылданатындығын атап өтті.
Жалпы 5 мың шаршы метрді құрайтын «Ақсу Жабағылы» шипажайының ескі ғимараты 250 адам қабылдауға шақталған. Қазіргі таңда жаңа корпусының құрылысы іске асуда. Жобаның жалпы құны 4 млрд. теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары барысында жаңа нысан ескі нысанға қосылып, жалпы сыйымдылығы 500 адамға ем-дом қызметін көрсетуге қауқарлы болмақ.
«Түлкібас жеміс жидектері» ауылдық тұтыну кооперативі қазіргі таңда қажетті құрылғыларын шет елден алғызуда. Бұл жерде жылына 4 мың тонна алма және қара өріктен 16 млн. дана шыны ыдыстағы табиғи таза, ешқандай қоспасыз шырындар мен бала тағамын(пюре) шығаруды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, Асқар Сұлтанұлы Майтөбе ауылындағы «Майтөбе сүт» ЖШС-не табан тіреп, цехтін жұмысымен танысты.