Шардара: полиция бөлімінің бастығы есеп берді

Бүгін аудан әкімдігінің үлкен залында Шардара аудандық полиция бөлімінің бастығы Шералы Әділханұлы 2024 жылдың 12 айында атқарған жұмыстарының есебін берді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Ж.Бердешов, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар, полиция және әкімдік қызметшілері мен тұрғындар қатысты.
Ш.Әділханұлы атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.
«Шардара аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау, құқықбұзушылықтардың алдын алуда және қоғамдық тәртіппен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында 2024 жылы бірқатар іс-шаралар атқарды.
Қылмыстардың ашылымына тоқталсам: аса ауыр қылмыстар, кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, мал ұрлығы, пәтер ұрлығы, қарақшылық, есірткі қылмыстары және бұзақылық қылмыстардың ашылымы 100 пайызды құрады. Ал жедел профилактикалық жұмыстар нәтижесінде 2024 жылы аудан аумағымызда зорлау жәйті, атыс қаруымен жасалған қылмыс түрлері орын алмаған. Сонымен қатар, қоғамымызда өзекті болып тұрған мәселесінің бірі алаяқтық қылмыстары, Оның ішінде интернет алаяқтық қылмысының өрбуі нәтижесінде 2024 жылы 19 жәйт орын алған. Қылмыстың өсуі интернет желілері арқылы онлайн қызметтердің дамуының арқасында, қаншама азамат пен азаматшаларымыз интернет алаяқтардың құрбаны болуда. Интернет алаяқтық қылмыстардың алдын алу мақсатында ағымдағы жылы 5 қаңтардан бастап Түркістан облысы Полиция департаментінде жеке «Киберпол» басқармасы құрылды. Алаяқтық қылмыстардың алдын алу мақсатында 2024 жылы профилактикалық бейнероликтер түсіріліп, БАҚ-на және әлеуметтік желілерге кеңінен таратылды.»- деді полиция бастығы.
Сондай-ақ, есірткімен күрес, отбасылық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғалары және кәмелетке толмағандармен жұмыс мәселелеріне тоқталды. Жалпы полиция қоғамдық тәртіпті қадағалаушы орган болғанымен көп жағдайда кез келген қылмыстардың алдын алу бүкіл түрғындардың ықпалымен жүзеге асатындығын жеткізді. Яғни, әрбір отбасы өзінің жақындарын қадағалап, тәрбиесіне және өзге де жағдайларына бақылау жасаса қылмыстың азаятындығы белгілі екендігін айтты.
Есеп төңірегінде қатысушылар ұрлық әрекеттердің көрсеткіші, жаңадан ашылғалы тұрған мектепке баратын балалардың қауіпсіздігі, көшедегі қабаған иттердің мәселесі және жол-көлік оқиғаларына байланысты бірнеше жерге бейнебақылау қою мәселелерін көтерді. Барлық сауалдарға толыққанды жауаптар беріліп, бүкіл тұрғындарлы полициямен бірге қоғамдық тәртіпті сақтап, үлгілі орта қалыптастыруға шақырды.
Жиын соңында аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов пікір білдірді.