Шардара: Алатау батыр ауылында шаруаларды қолдау мақсатында семинар өтті

Алатау батыр ауылдық округінің орталық алаңында ауданда ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту мақсатында «АгроТехМенеджмент» ЖШС компаниясының бастамасы және аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен «YTO» атты ауыл шаруашылығы техникасының (трактор) көрмесі аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен семинар өтті.
Семинарда көрмеге «YTO» тракторының бірнеше түрі (NMF 804-8 (80 а.к), X 904 (90 а.к), Х 304 (140 а.к) қойылып, техника сапасы, сатып алынғанда қарастырылатын жеңілдіктер, мемлекет тарапынан бөлінетін субсидия және тағы да басқа ақпараттар айтылып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің назарына ұсынылып, талқыланды.
Семинардан соң аталған ауыл округі әкімдігінің мәжіліс залында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Н.Тұрашбековтың тапсырмасына сәйкес, аудандағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала-2» бағдарламасы аясында көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін 5 пайыздық несиелік қаржының берілу шарттары түсіндірілді. Жиынға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан филиалының мкенеджерлері М.Ажикабулов, Т.Кульбаев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Т.Әлімқұл, сонымен қатар, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары, ауыл әкімдіктерінің салаға жауапты мамандары, кәсіпкерлік субъектілері мен ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері қатысты.
Негізінен «Кең дала 2» бағдарламасы аясында көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін несиенің мөлшерлемесі, 5 пайыздық ұзақ мерзімге бөлінетін несие, жалға алынған суармалы және жайылым жерлерді кепілдікке қою мәселесі, несие алу шарттары өзге де мәселелер бойынша шаруалардың сұрақтары мен ұсыныстары айтылып, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мамандары толыққанды жауаптар берді.