ТҮРКІСТАН: Саурандық өрт сөндіру бөлімінде республикалық «ашық есік» күні өтті

Сауран ауданында Төтенше жағдайлар бөлімі мектеп оқушыларына арнап ауқымды әрі танымды «Ашық есік күні» іс-шарасын ұйымдастырды. Бұл шараның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа өрт сөндірушілердің күнделікті қызметі мен жауапты жұмысының қыр-сырын таныстыру, азаматтық қорғаныс саласына қызығушылықтарын арттыру.
Іс-шара барысында оқушылар өрт сөндірушілердің бір күндік жұмыс тәртібімен, жауынгерлік дайындықтарымен, арнайы киімдерімен және заманауи құрал-жабдықтарымен танысты. Сонымен қатар балаларға өрт сөндіру автокөліктері көрсетіліп, олардың мүмкіндіктері мен ерекшеліктері жан-жақты түсіндірілді. Оқушылар құтқару құралдарын қолмен ұстап көріп, өрт сөндірушілердің шынайы қызметіне жақын болу мүмкіндігіне ие болды.
Сауран ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары туралы айтып өтті. Оқушыларға өрт кезінде өзін-өзі қалай ұстау керек екені, алғашқы көмек көрсету тәсілдері және қауіпсіздік шаралары жан-жақты жеткізілді.
Сондай-ақ оқушыларға «М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына» оқуға түсу мүмкіндігі таныстырылып, бұл салаға қызығушылығы бар жастарға кәсіби бағыт-бағдар берілді. Өрт сөндіруші мамандығының маңыздылығы, жауапкершілігі және қоғам алдындағы рөлі ерекше аталып өтті. Іс-шара соңында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өрт сөндірушілердің тәжірибесінен мол ақпарат алды.