Жетісуда спортшылар арасында қайшылық туындауда

“Жетісу” волейбол клубының әйелдер құрамасы Қазақстан чемпионы атанғаны белгілі. Әлеуметтік желіде спортшыларға көрсетілетін қолдаудың біржақты екені туралы пікірталас өрбуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әйелдер құрамасына 450 миллион теңге бөлінген
Талдықорғанда ашылған волейболшыларға арналған жаттығу базасы бар. Мұндай нысан басқа ешқандай спорт түріне қарастырылмаған. Бұдан жергілікті биліктің, әсіресе, “Жетісу” волейбол клубына ерекше ықылас танытатыны аңдалады. Әкім ойындарға тұрақты қатысып, спортшылар мен бапкерлерді марапаттап келеді. Алайда басқа спорт түрлерінің өкілдері мұндай құрметке ие бола бермейді. Көпшілік тарапынан ең көп қойылған сұрақ – неге әлемдік ареналарда жеңіске жеткен жетісулық спортшылар мұндай қолдауды сезінбейді? Оларды әуежайдан салтанатты түрде қарсы алу, бапкерлерін құрметтеу секілді дәстүрлер неге қалыптаспаған? Бүгінде әлеуметтік желі де осы мәселе қоғамның талқысына түсіп жатыр.
Құрметті әкім мырза, біз Сіздің «Жетісу»волейбол клубына деген ерекше сүйіспеншілігіңізді байқаймыз. Сіз әрқашан олардың матчтарына қатысасыз, ойыншылар мен жаттықтырушыларды республикалық маңызы бар құрметті наградалармен жеке марапаттайсыз. Бұл ретте басқа спорт саласының жаттықтырушылары қандай марапат алды? Бәріне бірдей қошемет неге көсретілмейді? Бізде өзге спорт түрлерінен халықаралық аренада топ жарған спортшыларымыз бар. Олар неге ескерусіз қалады?, дейді 19_region инстограмм парақшасының иесі Александр Плотников.
Ол өзінің парақшасында құрама легионерлері қанша жалақы алатынын және бас бапкері мен клуб директорынің айлығының есебін сұраған. Өзге де оқырмандар клубты қаржыландыру бойынша ашық деректерді жариялауды жазған.
Жалпы Аламты облысы бөлінбей тұрып та волейболшы қыздарға қошемет ерекше көрсетілетін. Сол тұстағы облыс әкімі Амандық Баталов волейболға қызыққандықтан көбіне осы бағытта қаржы құйылды. Тіпті бапкерлерді өзі таңдап, жаттығу алаңына да жиі барып тұратын. Сол дәстүр әлі де үзілмеген секілді. Бүгінгі күнге дейін спорт саласындағы клубтар арасында жергілікті волейболға көбірек ақша бөлінеді. Оның облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өзі жасырып отырған жоқ. Мәселенки, биыл «Жетісу» волейбол клубына 450 миллион теңге бөлінген.
Жергілікті қазақстандық спортшылардың (ойыншылардың) жалақысы айына орта есеппен 1-2 миллион теңгені құрайды. Шетелдік ойыншыларға (легионерлерге) клубтан 2 миллион теңге төленеді. Қалған сома келісімшарт бойынша демеушілік қаражат есебінен беріледі. «Жетісу» волейбол клубының әкімшілік және техникалық қызметкерлері жалақыны 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес алады. «Жетісу» волейбол клубының директоры 200 000 – 300 000 теңге, ал директордың орынбасары 200 000 теңге алады. 2024 жылы 17 желтоқсанда облыс әкімінің орынбасары қатысқан салтанатты іс-шарада әлемдік жарыстарға қатысқан спортшылар марапатталды. Біздің облыстың шамамен 200 спортшысы ай сайын 100 мың теңгеден бастап қаржылай қолдау алады, дейді жауапты басқарма өз мәліметінде.
Жиі ұшақпен ұшатын қыздардың өңір көлемінде беделі артып отыр. Себебі жақында ғана «Жетісу» кәсіби волейбол клубы әйелдер
командалары арасында Қазақстанның XXXIII чемпионатында жеңімпаз болған еді. Артынан облыс әкімі Бейбіт Исабаев қабылдап, арнайы сый-құрмет көрсетті.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жетісу» әйелдер волейбол командасының бас бапкері Марко Гршич жоғары мемлекеттік награда — ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, клуб директоры Нияз Жантілеуов, команда капитаны Карина Денисова, ойыншылар Мадина Бекет, Перизат Нұрбергенова, Татьяна Никитина Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен және арнайы төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ бірқатар ойыншы мен жаттықтырушыларға, команданың спорт дәрігері мен массажисіне облыс әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды. Бұл атақтардың өзі басқа мамандардығ қызығушылығын тудырып отыр.
Легионер неге көп?
Өңірдегі «Жетісу» футбол клубынында мәселесі де ел назарында. Сырттан келген ойыншыларға толы футбол командасының көрсетіп жүрген нәтижесі көңіл көншітпейді. Тіпті жемқорлықтың ордасына айналды деген атағы бар клубтың қаржысы да қыруар. Өңірдегі спорт саласының ардагерлері күрес, бокс, жеңіл атлетика, ауыр атлетика, басқа да спорт түрлері кенже қалып келе жатқанын айтуда. Тіпті, мықты бапкерлердің жоқтығы білінеді. Мәселен, облыс орталығындағы үлкен суға жүзу нысаны өз-өзін ақтап отырған жоқ. Қайта-қайта басшылығы ауысып тұрады, ішкі атмосферасы да жақсы емес. Оны былайғы жұрт та айтып жүр.
Қазақстанда спорт саласы біртіндеп дамып келеді, алайда барлық спорт түрлеріне бірдей деңгейде көңіл бөлінеді деп айту қиын. Әсіресе, қысқы спорт түрлеріне мемлекет тарапынан көбірек қолдау көрсетілсе, бұл саладағы мүмкіндіктерді кеңейтуге септігін тигізер еді. Біздің елдің табиғи жағдайлары қысқы спортты дамытуға қолайлы болғанымен, қажетті инфрақұрылым мен жаттығу алаңдарының жеткіліксіздігі көптеген дарынды спортшылардың толыққанды дамуына кедергі келтіріп отыр. Егер қаржыландыру ұлғайтылып, жаңа спорт кешендері, мұз айдындары мен тау-шаңғы базалары салынса, қысқы спортқа қызығатын жастарға үлкен мүмкіндік беріліп, олардың халықаралық аренада ел намысын қорғауына жол ашылар еді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның спорттық беделін көтеріп, болашақ чемпиондардың қалыптасуына оң әсерін тигізер еді. Бізге әр саланың жетік маманы керек. Сонда нәтиже болады, — дейді қысқы спорт түрлерінің жаттықтырушысы Бейсембай Серікбек.
Тағы бір өзекті мәселе – «Жетісу» командасының құрамындағы легионерлердің көптігі. Оларға бюджеттен жоғары жалақы төленетіні айтылуда. Бұл жағдайда жергілікті спортшылар мен бапкерлердің екінші қатарға ысырылып қалуы – ойлантарлық жайт. Оның үстіне өңірдегі жастардың дамуына өз кедергісін келтіріп жүргендей.
Спорт тек әділ бәсеке алаңы ғана емес, тең мүмкіндіктердің көрінісі болуы керек. Бірақ неге кейбір спорт түрлерінің өкілдері ұшақпен қатынайды, ал басқаларына ондай жағдай жасалмайды? Мәселен, волейболшылар жиі ұшақпен ұшатынын көреміз, бірақ сол деңгейдегі басқа спортшыларға дәл сондай жағдай жасалмай жатады. Мұндай айырмашылықтардың болмауы үшін спорт саласындағы қаржыландыру мен логистиканы қайта қарастырып, барлық спортшыларға тең мүмкіндік беру керек. Өйткені ел намысын қорғап жүрген әрбір спортшы лайықты жағдайды талап етеді, — дейді қала тұрғыны Жансерік Құрмаш.
Қазақстан спортының дамуы үшін барлық спортшыларға тең жағдай жасалып, оларға мемлекеттік қолдау әділ бөлінуі тиіс. Ел намысын қорғайтын әрбір спортшы лайықты марапатқа ие болуы қажет. Былтыр садақ атудан оқушылар аарсындағы халықаралық жарысқа қатысқан жас талапкерлер облыстық білім басқармасы жол шығынын төлеп бермегенін айтқан еді. Ол мәселе де біраз дүрбелең туғызған еді.
Қараңыз, волейболдан әйелдер құрамасының капитаны Карина Денисова спортшыларға жақсы жағдай жасалғандықтан осындай нәтижеге жеткендіктерін жасырмады.
Жақсы нәтижеге жету үшін спортшыларға жақсы жағдай жасалғаны маңызды. Талдықорғанда кәсіби волейболды одан әрі дамыту үшін тамаша жағдай жасап, көмек көрсетіп, қолдау білдіргендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Біздің бар жағдай жасалған өз заманауи жаттығу базамыздың болғаны бізге үлкен көмек болды. Біз сәтсіздікте де, жеңісте де бірге болдық, сол ұйымшылдығымыздың арқасында осындай жетістікке жеттік. Сөйтіп «Жетісу» клубының бұрынғы даңқын қайтарып ала алдық. Осы биіктен түспейміз деген ойдамын, — дейді К.Денисова.
Айта кетейік, чемпионат қорытындысы бойынша Карина Денисова үздік ойыншы ретінде арнайы жүлде алды. Одан бөлек Дарья Шаргородская мен Мадина Бекет тиісінше үздік байланыстырушы және үздік либеро болып танылды. Осыдан кейін оларды қабылдаған өңір басшысы Бейбіт Исабаев өңірдің спорт саласы мен спортшыларына жан-жақты қолдау көрсетудің жалғасатынын жеткізді.
Осы тұста тағы бір еске сала кетейік, «Жетісу» волейболшылар клубы бұған дейін 2008, 2009, 2010, 2011, 2012, 2014, 2015 және 2020 жылдары сегіз рет ел чемпионы атанған еді. Ал жуырда әйелдер командалары арасында волейболдан XXXIII Қазақстан чемпионатында тағы бір рет алтын медаль алып, клуб 2024-2025 жылдың маусымында еліміздің 9 дүркін чемпионы болды.