Алматы облысында соттан қашқан қылмыскер ұсталды

Арнайы бөлім сарбаздары кісі зорлалды деген күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматы облысы полиция департаментінің жедел қызметкерлері ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, Ақши ауылында 1 сәуір күні Қарасай ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотының аумағынан қашып кеткен күдіктіні ұстады.
Іздестіру шаралары басталған сәттен облыстың полициясы және Ұлттық ұлан күштері толық жұмылдырылды. Көршілес облыстардың аумақтық бөлімшелері де іздеу жұмыстарына тартылды.Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қашқынның қозғалу бағыты анықталып, полицейлер оның жасырынған жерін тапты. Арнайы бөлім сарбаздарының күшімен күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Негізгі қылмысынан бөлек, оған қамаудан қашқаны үшін Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша қосымша айып тағылды,- деді Алматы облысы полиция департаменті.
Еске салайық, Алматы облысына қарасты Қаскелең қаласындағы аудандық сот залынан ҚР 120-бабы, 2-бөлігі бойынша зорлау жасады деген күдікті қашып кеткенін жазған едік.