Қазақ әндері неге желіден жоғалып кетті? – министрлік себебін түсіндірді

0

 Қазақстандық музыкалық шығармалардың Instagram және Facebook желілерінде қайта қолжетімді болуы бойынша маңызды келісім жасалды. Бұл туралы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік комитетінің төрағасы Шолпан Әбдіреева мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біз Мета платформасымен және Қазақстандық авторлық қоғам РҚБ-мен бірлесіп, келіссөздер жүргіздік. Бұл тек заң мәселесі емес екенін түсіндік – бұл авторлардың мүддесін қорғау, цифрлық ортада заңдылықты қамтамасыз ету және мәдени мұрамызды сақтап қалу үшін маңызды қадам болды, – деді ол.

Еске салсақ, лицензиялық келісімдердің қолданылу мерзімі аяқталуына байланысты қазақстандық музыкалар әлеуметтік желілерде уақытша бұғатталған еді. Заңнамаға сәйкес, авторлармен немесе олардың мүддесін білдіретін ұйымдармен келісімсіз музыканы цифрлық платформаларда пайдалану мүмкін емес.

Біз Мета өкілдерімен бірнеше онлайн кездесу өткіздік. Олар ұсыныстарымызға түсіністікпен қарап, кәсібилік пен сындарлы диалог танытты. Екіжақты уағдаластық нәтижесінде Instagram және Facebook желілерінде қазақстандық музыкаларды қайта пайдалануға мүмкіндік беретін келісімге қол қойылды. Оның мерзімі – екі жыл, – дейді Шолпан Әбдіреева.

Келіссөздерге Әділет министрлігімен қатар, Мәдениет және ақпарат министрлігі де қатысып, шетелдік серіктестермен және қазақстандық ұжымдық ұйымдармен бірге жұмыс атқарған.

Meta авторлық құқықты құрметтейтінін және қазақстандық құқық иелерінің мүддесін қорғауға дайын екенін көрсетті, – деді комитет төрағасы.

Еске сала кетейік, Instagram желісіне қазақ әндері қайта оралғаны туралы осыған дейін жаздық.


ПІКІР ЖАЗУ