Кәрім Мәсімовтің зәулім үйі 300 миллион теңгеге арзандады

Сотталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің Астанадағы сән-салтанатты зәулім үйі тағы да сатылымға қойылды. Бұл жолы бастапқы баға 1,6 миллиард теңгеге дейін төмендетілді – алдыңғы аукционмен салыстырғанда 282 миллион теңгеге арзан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қайта аукцион 2025 жылғы 13 мамырда сағат 11:00-де E-Qazyna платформасында өтеді. Аукционға қатысу үшін кепілдік жарна бұрынғыдай – шамамен 117 миллион теңге.
Үйдің жалпы аумағы шамамен 2,9 мың шаршы метр. Ол Нұра ауданында орналасқан. Үш қабаттан тұрады (цоколь қабатын қоса алғанда), ішінде бассейн, сауна, үй кинотеатры, бильярд бөлмесі, сахна және тіпті Yamaha роялі бар. Үй 1,2 гектар жер телімінде орналасқан.
Бұған дейін бастапқы бағасы 1,8 миллиард теңге болған екі аукционның өтпей қалған еді – тіркелген қатысушылар болмаған. Сонымен қатар Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (ҚАБК) бұл үйді Мұхтар Жәкішев сатып алады деген ақпаратты жоққа шығарды.
Кәрім Мәсімов 2022 жылдың қаңтарында қамауға алынды. 2023 жылдың сәуірінде ол мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет жасау және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша 18 жылға сотталды. 2024 жылдың маусымында ол Қасым-Жомарт Тоқаевтан кешірім сұрағанымен, Президент оның кешірімін қабылдаудан бас тартты.
Бұған дейін Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім үйі сатылатыны туралы және оның өтпей жатқанын да хабарлаған болатынбыз.