Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек еткен ардагер қарттар үйінде тұрып жатыр

Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы әлеуметтік орталықтар жұмыс істеп тұр. Облыстардың әкімдіктері BAQ.KZ тілшісіне қарттар үйіндегі жағдай туралы ресми сауалға жауап берді.
2024 жылғы 31 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстандағы қарттар үйлерінде 5,9 мың адам тұрады, олардың ішінде 1,8 мыңы – қазақ ұлтының өкілдері. Салыстырмалы түрде, 2020 жылы бұл көрсеткіш 7,3 мың адам болған.
Сонымен қатар өңірлік бөліністе күтілетін өмір сүру ұзақтығы айтарлықтай айырмашылық көрсетеді. Алматы (78,28 жыл), Астана (78,09 жыл), Шымкент (76,32 жыл), Маңғыстау (75,84 жыл) және Атырау (75,29 жыл) облыстарында көрсеткіш жоғары болса, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында күтілетін өмір ұзақтығы небәрі 73 жас деңгейінде қалып отыр.
Осы деректер негізінде, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында қарттардың өмір сүру жағдайы қандай, әлеуметтік қолдау мен күтім сапасы қаншалықты қамтамасыз етілген деген сұрақтар туындады.
Солтүстік Қазақстан облысы жағдай қалай?
Солтүстік Қазақстан облысында екі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді:
— «Смирнов» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» (275 орын)
— «Надежда» Тайынша әлеуметтік қызмет көрсету орталығы (100 орын).
Бүгінгі таңда бұл орталықтарда 332 қызмет алушы бар. Орташа жас мөлшері – 70-79 жас аралығында, ал ең егде қызмет алушы 99 жаста.
Әлеуметтік қорғау стандарттарына сай қызмет алушыларға сегіз бағыт бойынша көмек көрсетіледі: әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық қызметтер. Әрбір қызмет алушыға жеке қажеттіліктеріне қарай жеке жоспар жасалады және тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Созылмалы аурулар – қант диабеті, гипертензия және онкологиялық аурулар – кең тараған. Бірақ психикалық аурулары бар тұлғалар тіркелмеген.
Орталықтарда қауіпсіздік шаралары күшейтілген: бақылау-өткізу пункттері, периметрді қоршау, бейнебақылау камералары орнатылған. Барлық бейнежазбалар тікелей облыстық полиция департаментінің басқару орталығына қосылған.
Әкімдік мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда зорлық-зомбылық немесе дөрекілік фактілері анықталмаған. Мекемелерде жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қарттар мекемесін кеңейту әзірге қажет деп саналмайды. Қызмет алушылар мемлекеттік қамқорлықта: зейнетақы мен жәрдемақының 30%-ы олардың жеке шотына аударылса, 70%-ы орталықтың қажеттіліктеріне жұмсалады. Қайтыс болған жағдайда салттық қызметтер қызмет алушының діни сеніміне сай ұйымдастырылады.
Қостанай облысы: өмір ұзақтығы артқанымен, қарттар саны азайып келеді
Қостанай облысында үш арнаулы орталық жұмыс істейді:
- «Қарасу арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы»
• «Федоров арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы»
• «№1 Рудный арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы».
2025 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша 540 адам қызмет алып жатыр, ал қайтыс болғандар саны 18 адам.
Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, соңғы екі жылда қызмет алушылар саны 3,23%-ға азайған. Дегенмен, орташа өмір сүру ұзақтығы 77 жасқа жеткен. Бұл әлеуметтік қолдаудың және медициналық қызметтің жақсарғанын көрсетеді. Сондай-ақ, қайтыс болғандар саны да азайған: 2023 жылы 91 адам қайтыс болса, 2024 жылы 73 адам қайтыс болған.
Орталықтарда Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек еткен 9 ардагер қарт тұрып жатыр. Олардың жасы 90-нан 98-ге дейін. Сонымен қатар, орталық мақтанышы – 106 жасқа келген Злиха Белгібайқызы бар. Ол еңбек майданында қызмет етіп, бейбіт өмір үшін еңбек еткен тыл ардагері.
Әлеуметтік мекемелердегі қызметкерлер құрамы нормативтерге сәйкес толық жабдықталған. Қызмет алушылар жыл сайын медициналық тексеруден өтіп, өз және өзгелердің денсаулығына зиян келтірмеу талаптарын орындайды. Сонымен бірге, орталықтарда психолог мамандар тұрақты жұмыс жүргізеді.
Әкімдіктің дерегінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық, дөрекілік немесе немқұрайлылық фактілері тіркелмеген.
Қостанай облысында қарттардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасау үшін «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары ашылып жатыр. Бүгінде Рудный қаласында арнайы орталық жұмыс істеп тұр, ал басқа аудандарда бұл жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы іске асып жатыр. Сонымен бірге, облыста «Қостанай облысының аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі 2029 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары» қабылданды.
2025 жылдан бастап елімізде әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін реформалау басталды. Енді арнайы лицензия алған жеке ұйымдар мен кәсіпкерлер де қарттар үйлерін ашуға мүмкіндік алады. Бұл саладағы бәсекені күшейтіп, қызмет сапасын арттыруға жол ашады деп күтіледі.
Қайтыс болған қызмет алушылардың денесі заңнамаға сәйкес рәсімделеді: мәйітханаға жеткізіліп, туыстары жерлеумен айналысады. Егер туыстары болмаған жағдайда, жерлеуді мекеме ұйымдастырады. Барлық рәсімдер марқұмның діни сенімі ескеріле отырып өткізіледі.