Аймағамбетов салыққа қатысты жақсы жаңалық айтты

0

 Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер ҚҚС-дан босатылатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер ҚҚС-дан босатылады. Салық кодексіне енгізген біздің түзетуіміз Үкімет тарапынан қолдау тапты. Енді әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерге ҚҚС 0% мөлшерлемесі қолданылады. Бұл нені білдіреді? Арнайы Үкімет қаулысымен бекітілетін тізім бойынша ең қажетті және әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектер қосылған құн салығынан толық босатылады, — деді депутат.

Оның айтуынша, бұл шешім – ең қажетті дәрі-дәрмектердің бағасының күрт қымбаттауына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Жасыратыны жоқ, бастапқыда біз барлық медициналық қызметтер мен барлық дәрі-дәрмекті ҚҚС-дан толық босатуды ұсындық. Сол шешім жақсы ттімдірек еді. Алайда Үкімет бұл ұсыныспен келіспеді. Ұзақ талқылаудан кейін осындай компромистік шешімге қол жеткіздік. Сонымен қатар ҚҚС қолданылатын басқа медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер бойынша да маңызды келісімге қол жеткізілді, — деп айтты Аймағамбетов.

Олар:

  • 2026 жылдан бастап – ҚҚС 5%,
  • 2027 жылы тағы 5%-ға. Яғни кезең-кезеңмен.

Тағы бір жақсы жаңалық. ККТМК және МӘМС аясындағы барлық медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер де толықтай ҚҚС-дан босатылады. AMANAT партиясының фракциясы мен біздің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті осы бағытта жұмыс істеді. Әрине, біршама медициналық ұйымдар бұдан да үлкен өзгерістер күтті. Бірақ саясат дегеніміз – мүмкін болған нәрсені іске асыру. Дәл қазір біз үшін ең бастысы – ең қажетті және әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмек пен медициналық көмектің халық үшін қолжетімді болуын сақтау. Жұмыс әрі қарай жалғасады, — дейді ол.


ПІКІР ЖАЗУ