Даршынмен кофе: Ақшаны не шақырып, не қашырады?

0

 Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары арасында дәл бейсенбі күні даршынмен (корица – ред.) кофе ішу сәнге айналды. Олар бұл амал ақша шақыратынына сенеді. BAQ.KZ тілшісі осы үрдісті негізге алып Астана медресесінің ұстазы Бекзат Азатбекұлымен сұхбат құрды. 

— Бейсенбі даршын қосылған кофені қалдырмай ішетін мұсылмандар бар. Ол Аллаға күпірлік (Аллаға сенбеу – ред.) болып кетпей ме? (ЖИ: Исламда күпірлік – ауыр күнә болып саналады және мұсылман адамның иманнан шығуына себеп болуы мүмкін)

— Жалпы бірден “Аллаға күпірлік келтірді” деп айта салуға келмейді. Ар жағында адамның ниеттеріне, сенімдеріне қаралады. Егер “бейсенбі күні кофе ішсең, оның сондай бір құдіреті бар, ақша шақырады” деп оған тікелей құдірет сипатын берсе, онда бұл күпірлік болып есептеледі. Ол жақта “Алла қалауымен” деген ешнәрсе қосылмай жатса.

— Ал Исламда ақша шақыратын амалдар бар ма?

— Рызықты шақыратын, ақшаны шақыратын себептер бар. Алла Тағала оны Құран аятында да, Пайғамбардың хадистерінде де айтты. Соның бірі, мысалы, таң намазының кірген уақытынан бастап күн шығып, одан әрі жарты сағат шамасындағы уақытта ояу отырса, бұл рызықты шақырады деп айтады. Мысалы, сол сияқты рызықты қашыратын амалдар бар. Яғни үйдің ішінде әр бұрышта қоқыр-соқыр шашылып, үйдің ішінде нәжіс тұрса, шаң сүртілмей, ұзақ уақыт бойы үйдің іші тазаланбаса, бұл рызықты қашырады деп айтады. Осы сияқты басқа да біраз амалдар бар. Бұның барлығы да айналып келген кезде ниетке қарайды.

— Ниет мәселесін ашып кете аласыз ба?

— Яғни егер адам амалдарды себеп деп қараса, онда ол күпірлік болып есептелмейді. Ал егер бұны шынымен де өзінің сондай құдіреті бар десе, бұл күпірлік болып есептеледі. Енді бір жағынан қарасаңыз, бейсенбі – жұмаға бір күн қалған уақыт. Бейсенбі күндері – дұғалар Алланың құзырына көтерілетін уақыт. Енді дүниеде кімде-кім амал жасап, еңбек етсе, Алла Тағала оның еңбегін қайтармай қоймайды, береді. Демек, бейсенбі күні осындай ниетпен дұға қылып, Алладан сұрап, мүмкін сол күні кофені ішіп әңгімелесуі сол күнгі оның еңбекке құмарлығын арттырып, сол күні біраз әрекет жасауы мүмкін. Тікелей өзі кофені ішіп отыруы, ақылға салса, ешқандай ақшаға қатысы жоқ нәрсе ғой. Бірақ сол күні, мысалы, таңда ерте тұрған адам кофе ішіп, бойын жазып, ұйқысын ертерек ашса сол күні сергек жүреді. Сол күні оның еңбекке деген әл-қуаты жоғары болады. Соның нәтижесінде ақшаны табу мүмкіншілігі де көбейеді. Сондықтан осы тұрғыдан қараған кезде бұл күпірлікке жатпайды. Ал енді шынымен “кофе іштім сол ақша береді, үйіне әртүрлі мүсіндерді қойып, ол ақша шақырады” деп сенсе, бұл шынымен де күпірлік болып есептеледі. Оның өзінде де ол адамдар күпірлік келтірді деп айтылмайды. Ол адамдарға түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, бұл нәрсенің дұрыс емес екендігі айтылады. Соның өзінде де “жоқ” деп өзінің айтқанында тұрып, сол беттен қайтпаса, сол кезде барып “Бұл амал – күпірлік шақыратын амал. Бұндай амал жасауға болмайды” деп қана айтамыз. Оның өзінде де “бұл адам күпірлік қылды” деп айтуға болмайды.

— Жауаптарыңызға рақмет!


ПІКІР ЖАЗУ