Ақтөбеліктер құқықтарын қалай қорғап жүр?

0

 Биыл Ақтөбе облысында тұтынушылар құқығы бұзылуына байланысты жауапты органдарға түскен шағымдар саны артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Гүлзада Алматбаеваның айтуынша, биыл арыз-шағым саны өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға өскен. Мәселен, былтыр — 453, биыл 504 тұтынушыдан шағым түскен. 

Өтініштерді қарау нәтижесінде 285 тұтынушының өтініші қанағаттандырылса, 135-іне құқықтық көмек көрсетілді. Ал 84 өтініш құзыретіне сәйкес тиісті мемлекеттік органдарға жолданды. Осылайша биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша тұтынушыларға 34,3 миллион теңге мөлшерінде материалдық шығын өтелді, — дейді ол.

Оның айтуынша, шағымдардың дені сауда саласына қатысты. Мәселен, 180 шағым бойынша зардап шеккендерге 29,5 млн теңге қаржы қайтарылған. Олардың қатарында сапасыз автокөліктер мен құны 1,2 млн теңге тұратын шаңсорғыш сатып алғандар бар. Ал электрондық сауда саласы бойынша шағым түсіргендерге 2,4 млн теңге қайтарылыпты. Бұл шағымдар негізінен Wildberries, Ozon, Kaspi.kz, Халық, TEZ интернет-дүкендеріне және әлеуметтік желі арқылы тауар сатушыларға қатысты тіркелген. Бұл мысалдар интернет сауданың сенімсіз және тауарлардың сапасыз екенін білдіреді.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Әсем Қуандық Kaspi.kz онлайн-дүкені арқылы көйлек сатып алған. Өлшемі мен түсі тапсырысына сәйкес келмеген соң дүкен әкімшісіне хабарласып, ауыстырып беруін өтінген. Алайда жауапты маман тауарды ауыстырмаған. Енді жас келіншек аталған департаментке барып, шағым жазбақшы. Жалпы, өңірде мұндай мысалдар жетіп артылады. Осы орайда биыл облыста тұтынушылардың құқығын бұзғаны үшін 13 кәсіпкер жауапқа тартылған.


ПІКІР ЖАЗУ