Жатақханадағы рум-тур: Студенттерге қандай жағдай жасалған, баға қанша?

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Осыған орай жатақханаға орналасып жатқан студенттер әлеуметтік желілерде рум-тур жасап, бөлмелердің жағдайын көрсетіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ақерке Абылайхан жатақханалардың жағдайы туралы мәлімет берді.
Оның айтуынша, елімізде ескі жатақханалармен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған жаңа ғимараттар да бар.
Мәселен, Нархоз университетінің жатақханасында студенттерге барлық жағдай жасалған. Жеке инвесторлар салған жатақханалардың сапасы да жоғары, – деді ол.
Алайда аймақтардағы ескі жатақханалардың жағдайы әлі де сын көтермейді. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет 2018 жылдан бері жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Тұру ақысы қанша?
Алматы мен Астана қалаларындағы университет жанындағы жатақханаларда тұру құны айына 20 мыңнан 30 мың теңгеге дейін жетеді. Ал жекеменшік жатақханаларда баға 40 мың теңгеге дейін барады. Дегенмен мемлекет пен университеттер инвесторларға бағаны қымбаттатпау керектігін ескертіп отыр.
Кейбір жекеменшік жатақханаларда баға одан да қымбат. Оған қоса баға бөлмедегі жағдайға қарай қойылады. Мысалы, кір жуатын машинасы бар бөлмелер қымбатырақ болады.
Әлеуметтік топтағы студенттерге жеңілдік бар
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақауовтың айтуынша, әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге жекеменшік жатақханаларда 20-50 пайызға дейін жеңілдік қарастырылған. Университет жанындағы жатақханадан орын табылмаған студенттер осы жеңілдікпен жекеменшік жатақханаларға орналастырылып жатыр.