Қазақстан құрылыс саласындағы кадр тапшылығы: Неліктен үйлерді дипломы жоқтар салады?

0

Қазақстанда құрылыс саласында кадрлық дағдарыс ушығып барады. Тұрғын үйді рекордтық көлемде тапсыру және атом электр станциясы секілді ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға дайындық аясында елде кәсіби жұмысшыларға сұраныс артып отыр. Алайда білікті мамандар жетіспегендіктен, құрылыс алаңдарында көбіне арнайы білімі жоқ адамдар еңбек етуде. Саладағы проблеманы BAQ.KZ анықтап көрді.

Құрылыс қарқыны өсуде – кадрлар азаюда

Индустрия және құрылыс министрлігінің дерегінше, 2024 жылы елімізде рекордтық 19,1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 174 мыңға жуық нысан салынды. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында құрылыс жұмыстарының көлемі 3,31 триллион теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,4%-ға артық. Оның ішінде 11 миллионнан астам жаңа нысан, соның ішінде 7,9 миллион шаршы метр тұрғын үй, 111 мектеп, 17 балабақша және 31 денсаулық сақтау нысаны іске қосылды.

Алайда құрылыс қарқыны артқан сайын, білікті жұмыс күшіне сұраныс та артып келеді.

Инженерлік құрамда жоғары білімі бар мамандар жұмыс істейді. Бірақ дәнекерлеушілер, сылақшылар, әрлеушілер секілді жұмысшы мамандықтарда үлкен проблема бар. Жұмысшылар жетіспейді, сондықтан құрылыс алаңдарында жиі біліктілігі жоқ адамдар жұмыс істейді, – дейді Алматыдағы Қазақстан құрылысшылары одағының филиал директоры Тимур Нұртаев.

Қазірдің өзінде 111 мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Ең үлкен тапшылық – сылақшылар, сырлаушылар, дәнекерлеушілер, тас қалаушылар мен бетоншылар арасында. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің айтуынша, құрылыс саласы кадр тапшылығы бойынша алғашқы үштікке кіреді.

Училищелерді қайта ашу керек

Елордадағы «Бәйтерек» құрылысшылар одағының президенті Жамбыл Мелдебай мемлекеттік саясаттағы басты мәселе – жұмысшы кадрларды даярлау жүйесі екенін айтады.

Елде дәнекерлеушілер, монтажшылар және басқа да жұмысшы мамандықтар өте қат. Президентке де жаздым – училищелерді қайта жандандыру керек. Онысыз сала дағдарыстан шықпайды, – дейді ол.

Сонымен бірге ол мәселе тек кадр тапшылығында емес, жүйелік олқылықтарда екенін атап өтті. Оның пікірінше, тендерлер жүйесі мен құрылыс нормалары ірі корпорацияларға ыңғайланып жасалған.

Субмердігерлер тиын-тебен алады, құрылыс материалдары көлеңкелі схемамен кіргізіліп, екі-үш есе қымбатқа сатылады. Бұл – тамырына дейін жемқорлық жайлаған жүйе, – дейді Мелдебай.

Колледждер жаңа технологиядан қалып барады

Қазақстанда құрылыс техникумдары мен колледждері бар. Алайда Тимур Нұртаевтың айтуынша, олар әлі де ескі бағдарламамен оқытады.

Ал қазір құрылыс саласында 3D-принтерлер, робототехника, дрондар, жасанды интеллект қолданыла бастады. Бірақ бізде мұндай технологиямен жұмыс істейтін мамандар жоқ. Тіпті сол үшін арнайы құрылыс нормалары да жасалмаған. Сондықтан жаңа колледждер ашып, жастарды болашақ мамандықтарға даярлау керек, – дейді ол.

Құрылысшы мамандығының беделі түсіп кеткен

Тағы бір үлкен мәселе – құрылысшы мамандығының имиджі. Бұрынғыдай «қала салып, елді өркендететін» мәртебе берілмейді, ал жастар бұл мамандықты тартымсыз әрі төмен жалақылы санайды.

Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Құрылысшыларды марапаттау, қоғамға олардың абыройлы еңбегін көрсету керек. Үйлерді, мектептерді, ауруханаларды тұрғызу – ұрпақ үшін жасалатын ізгі іс екенін түсіндіру қажет, — деп атап өтті Жамбыл Мелдебай.

Жалақы теңсіздігі

ҚР Статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың І тоқсанында құрылыс саласындағы орташа жалақы 485 852 теңге болды. Бірақ жұмысшы мамандықтары – сырлаушы, сылақшы, тас қалаушы – айына 180 мың теңге шамасында ғана алады. Ал ірі жобалардың басшылары, бас инженерлер мен жобалаушылар 700 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін табыс табады. Бұл теңсіздік жастардың салаға қызығушылығын азайтып отыр.

Кадр тапшылығын кім реттейді: қазақстандықтар ма, мигранттар ма?

Сарапшылардың болжауынша, 2030 жылға қарай Қазақстанға құрылыс саласында 200 мыңға жуық маман жетіспеуі мүмкін. Бұл тапшылықты толтыру үшін екі жол ұсынылады: өз кадрларын жаппай даярлау және шетелдік жұмыс күшін заңдастыру.

Бүгінде құрылыс алаңдарында Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген мыңдаған мигрант еңбек етіп жүр. Бірақ олардың көбі ресми тіркелмеген.

Егер біз дамимыз десек, шетелдік жұмыс күшін жүйелі түрде әкелуіміз керек. Олар заңды тіркеліп, салық төлеуі тиіс. Әйтпесе көші-қон полициясынан қашып жүреді, – дейді Нұртаев.

Құрылыс – экономиканың драйвері

2024 жылы құрылыс саласы Қазақстанның ЖІӨ-нің 12,5%-ын құрады. Бұл – мұнай-газ секторынан да көп үлес.

Құрылысшылар үй, жол, мектеп, аурухана салады. Бұл – жаңа жұмыс орындары, салық, мемлекетке құнды активтер. Егер кадр тапшылығы мәселесін шешпесек, елдің дамуы бәсеңдеуі мүмкін, – дейді сарапшылар.

Осылайша, тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандар ғана емес, стратегиялық жобалар, оның ішінде еліміздің алғашқы атом электр станциясы құрылысы да қауіпке тіреді.

Енді басты сұрақ: Қазақстанның болашағын кім салады – мигранттар ма, роботтар ма, әлде өзіміздің жастар ма?


ПІКІР ЖАЗУ