«Мұнайдан бас тартсын»: Трамп Ресейге санкция салудың шартын атады

0

  АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы қатаң санкциялар енгізуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алайда ол екі шарт қойды: барлық НАТО елдері АҚШ-тың үлгісін қайталауы тиіс және Ресей мұнайын сатып алудан бас тартуы қажет.

Бұл туралы Ақ үй басшысының Truth Social желісінде жарияланған «Президент Дональд Дж. Трамптың НАТО елдеріне және бүкіл әлемге жолдаған хаты» атты жазбасында айтылды.

Мен барлық НАТО елдері келісіп, соны жасай бастаса және Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатса, Ресейге қарсы қатаң санкциялар енгізуге дайынмын, – деп жазды Трамп.

Оның айтуынша, кейбір елдердің Ресей мұнайын сатып алуы «Мәскеуге қысым жасау мен келіссөз жүргізу позициясын әлсіретеді».

Қалай болғанда да, тек сіздер дайын болғанда әрекет етуге дайынмын. Маған тек қашан екенін айтыңыздар, – деді АҚШ президенті.

Трамп сондай-ақ Қытайға қатысты ұсынысын да айтты. Оның пікірінше, НАТО бірлесіп Қытай тауарларына 50–100 пайыздық баж салығын енгізуі тиіс. Бұл шара Ресей мен Украина арасындағы соғыс аяқталған соң бірден алынып тасталатынын айтты.

Қытай Ресейге айтарлықтай ықпал етеді, ал мұндай кедендік баждар осы ықпалды әлсіретеді, – деді ол.

АҚШ президенті тағы да бұл қақтығысты өзінің емес, «Байден мен Зеленскийдің соғысы» деп атады.

Мен мұнда тек оны тоқтатуға және мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға көмектесу үшін жүрмін (тек өткен аптада 7 118 адамның өмірі қиылды. Бұл – ақылға қонбайтын жағдай!). Егер НАТО менің айтқанымды жасаса, соғыс тез аяқталады, ал мыңдаған адамның өмірі сақталады! Ал егер олай болмаса, онда сіздер менің уақытымды да, АҚШ-тың уақытын, күшін және қаржысын да босқа кетіріп жатырсыздар. Бұл мәселеге назар аударғандарыңызға рахмет!, – деп түйіндеді Дональд Трамп.


ПІКІР ЖАЗУ