Тоқаев: Боксты ұлттық спорт деңгейіне көтеруіміз керек

Мемлекет басшысы Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліпті қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа спорт инфрақұрылымын жетілдіру, халықаралық және республикалық жарыстар ұйымдастыру, отандық боксшыларды жаттықтыру, балалар мен жасөспірімдер, сондай-ақ аймақ спортына жағдай жасау аясында қолға алынған шаралар жөнінде баяндалды.
Мемлекет басшысы Қазақстан бокс федерациясының Ливерпульде өткен Әлем чемпионатындағы табысты қызметіне оң баға берді, — делінген Ақорда хабарламасында.
Президент мемлекеттің боксты дамытуға баса мән беретінін, бұл бағыттағы жұмыс кешенді түрде жүргізілуге тиіс екенін жеткізді.
Кездесуде 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қазақстандық былғары қолғап шеберлерін жоспарлы әрі жан-жақты даярлаудың маңызы атап өтілді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновты қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа спорт саласын кешенді реформалауға қатысты бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы баяндалды.
Президентке балалар мен жасөспірімдер спортын қолдау, халықаралық ынтымақтастықты арттыру, спортқа ғылыми тәсілдерді енгізу, бюджет қаражатын оңтайландыру және заңнамалық базаны жетілдіру жөнінде есеп берілді.
Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, спорт саласында вертикальді басқару жүйесін қалыптастыру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Саланың жағдайына кешенді талдау жүргізілгеннен кейін бірқатар облыста спорт басқармаларының басшылары тағайындалды, жұмыс тиімділігінің нақты көрсеткіштері белгіленіп, спортшылар мен жаттықтырушыларға берілетін төлемдер мөлшері бірыңғай көрсеткішке келтірілді. Сонымен қатар спорттың басым түрлеріне қойылатын іріктеу талаптары анықталды, — деп хабарлады Ақорда.
Биыл күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясы белсенді жүзеге асырылып жатыр. Аталған заң бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, спортты дамыту үшін оның басым түрлерін айқындауға, кәсіпқой клубтарға төленетін төлемдерге лимит енгізуге бағытталған.
Мемлекет басшысына шетелдік туристерді тарту және заңнамалық базаны жетілдіру шаралары туралы айтылды. Президент тапсырмасы бойынша Щучье-Бурабай курорттық аймағы мен Маңғыстауды дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Алматы тау кластерін дамыту жоспары дайындалып жатыр. Сондай-ақ курортты өңірлерді өркендетуге арналған ведомствоаралық жол картасы әзірленді. Онда туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, санитарлық жағдайдың стандарттарын көтеруге және көлік қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінген.
Мемлекет басшысы министрге бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, вертикальді басқару жүйесін енгізуді жалғастыру, футбол клубтарын жекешелендіруді жеделдету қажет. Бұдан бөлек, туризм саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру маңызды міндет ретінде аталды.