Алматы әуежайындағы қауіпсіздікке не кедергі?

0

Биыл Алматы әуежайы бірнеше рет алаңдатарлық оқиғалардың ортасында болды. Өзін-өзі өртеген жағдай, әжетханада болған қанды оқиға, пышақпен қорқытып кепілге алу және жаңа терминалда әйнектің құлауы тіркелді. Бұл – жай ғана сәйкестік пе, әлде қауіпсіздік жүйесінің жүйелі ақауы ма? BAQ.KZ тілшісі Қазақстанның ең үлкен қаласының стратегиялық нысаны неліктен жиі криминалды хроникаға түсіп жатқанын анықтап көрді.

Қауіпсіздікке сұрақ көп

Алматы әуежайы – елдегі ең ірі әуе хабы, күн сайын ондаған мың жолаушыны қабылдайды. Алайда соңғы жарты жылда ол көлік торабы ретінде ғана емес, төтенше жағдайлардың жиі орын алатын нүктесі ретінде де жаңалықтарға жиі шығып жүр.

Тек бірнеше айдың ішінде үш бірдей дүрліктірген оқиға тіркелді.

  • 7 наурыз 2025 жыл – қолында пышағы бар ер адам әуежайдың қауіпсіздік қызметкерін кепілге алып, «бомба жарғызамын» деп қорқытты. Құқық қорғаушылар оны тез арада залалсыздандырғанымен, қарулы адамның бақылау аймағына еркін еніп кетуі әуежайдағы қауіпсіздік жүйесіне қатысты көп сұрақ туғызды.
  • 25 тамыз 2025 жыл – Т-1 терминалында ер адам өзіне жанармай құйып, от қойды. Қызметтер жедел әрекет еткенімен, жолаушылар көз алдына түскен бұл жантүршігерлік көріністен қатты шошыды.
  • 29 тамыз 2025 жыл – тағы бір төтенше оқиға. Ішкі рейстер терминалының әжетханасында жолаушы өз тамағын кесіп жіберді. Куәгерлердің айтуынша, қан, айқай мен өксік залды дүр сілкіндірген. Оның бірнеше сағат бойы стерильді аймақта жүргеніне қарамастан, ешкім оның рейске отырмағанына мән бермеген.

Бұған қоса, жазда бір балаға әйнек қақпақ құлап кеткен. Кейін оның кәдімгі әйнек екені, ал стандарт бойынша шыны шыдамды болуы тиіс екені анықталды.

Бұл оқиғалардың бір-бірімен байланысы жоқ, бірақ барлығы қосылып, қауіпсіздік, жедел әрекет ету және тәуекелдерді басқару жүйесінде айқын олқылықтар бар екенін көрсетіп отыр.

Әуежайдың баспасөз қызметі мәлімдегендей, бақылаусыз аймақтағы құқық тәртібін қадағалау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті желілік полиция бөлімі қызметкерлеріне жүктелген. Сондықтан суицидке талпыныс немесе соған ұқсас оқиғалардан кейін қабылданған қауіпсіздік шараларына қатысты сұрақтар полиция өкілдеріне жолдануы тиіс.

Авиациялық қауіпсіздік қызметі құқық қорғау органдарымен бірлесіп, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету және жалпы қауіпсіздікті күшейту бағытында жұмыс істейді, – делінген әуежайдың ресми жауабында.

Алматы әуежайындағы жолаушылар ағыны соңғы бес жылда айтарлықтай өсіп отыр. Бұл қауіпсіздік жүйесіне қосымша салмақ түсіргені анық:

  • 2019 жылы – шамамен 6,4 млн жолаушы;
  • 2020 жылы – пандемияға байланысты 3,67 млн;
  • 2021 жылы – қайтадан 6,4 млн;
  • 2022 жылы – 7,23 млн;
  • 2023 жылы – 9,55 млн;
  • 2024 жылы – рекордтық 11,43 млн жолаушы.

Осылайша, Алматы әуежайы 2024 жылы ТМД елдері арасында жүктемесі бойынша алтыншы орынға шықты.

Мамандардың айтуынша, бастапқыда аз жүктемеге есептелген қауіпсіздік жүйесі қазірдің өзінде ауыр сынға түскен. Мұндай жағдайда әрбір төтенше оқиға – жай ғана оқыс жағдай емес, шамадан тыс жүктелген әрі жаңа талаптарға бейімделмеген жүйенің айқын белгісі.

Жүйедегі ақаулар: әлсіз тұстар қайда?

Қауіпсіздік саласының маманы, инженер Василий Мартынов Алматы әуежайындағы қауіпсіздік жүйесінің бірнеше әлсіз тұсын атап өтті. Соның бірі – кіреберістегі және тексеру аймағындағы бақылау. Қолында пышағы бар адамның өтіп кетуі мен жанғыш сұйықтық әкелу оқиғалары тексеру жүйесінің әрдайым дұрыс жұмыс істемейтінін көрсетеді.

Сарапшылардың айтуынша, қажетті техника бар, алайда басты рөлді адами фактор ойнайды. Қызметкерлердің назарды жоғалтуы, жолаушылар ағынының шамадан тыс көптігі және «ештеңе болмайды» деген көзқарас қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.

Сонымен бірге бақылау жүйесіндегі «соқыр аймақтар» да ерекше назар аударуды қажет етеді. Мысалы, бірнеше сағат бойы стерильді аймақта жүріп, кейін суицидке талпынған жолаушы оқиғасы адамдар қозғалысын бақылаудың әлсіздігін айқын көрсетті. Логика бойынша, егер жолаушы тіркеуден өтіп, тексерістен шыққанымен, рейске отырмаса – бұл дереу дабыл қағатын жағдай болуы тиіс.

Психологиялық қауіпсіздік те маңызды

Көптеген халықаралық әуежайларда күдікті мінез-құлықты бақылаумен айналысатын арнайы қызметтер бар. Олар жолаушының шамадан тыс қобалжуын, агрессиясын немесе бағдарсыз әрекеттерін дер кезінде анықтайды. Ал бізде айқын дағдарыс жағдайындағы адам әуежай ішінде сағаттап жүре берсе де, бұл қызметкерлер тарапынан күдік тудырмайды.

Алматы әуежайының баспасөз қызметі психологиялық қолдау көрсету қызметі авиациялық қауіпсіздік бөлімінің міндетіне кірмейтінін атап өтті.

Соған қарамастан, әуежайда арнайы дайындықтан өткен профайлер мамандар жұмыс істейді. Олардың басты міндеті – жолаушылар арасындағы күдікті немесе тұрақсыз жағдайларды анықтап, ықтимал қауіп-қатердің алдын алу, – делінген әуежайдың ресми жауабында.

Шыны қалқанның құлауы орындалған жұмыстар сапасына қатысты мәселені ашып берді. Қауіпсіз әйнектің орнына кәдімгі шыныны қолдану – мердігерлердің жауапсыздығы ғана емес, техникалық қадағалауға да сұрақ тудырады.

Авиациялық қауіпсіздік – бұл тек кіреберістегі тексеріс емес. Ол – кешенді шаралар жүйесі: персоналмен психологиялық жұмыс жүргізуден бастап, құрылысқа қойылатын қатаң стандарттарға дейін. Алматы әуежайы – елдің бет-бейнесі. Әрбір төтенше жағдай жолаушылардың сенімін төмендетіп қана қоймай, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделіне нұқсан келтіреді. Мұнда мәселе тек техникалық құралдарда емес, жалпы қауіпсіздікті басқаруда жатыр. Жүйелі жұмыс қажет, әйтпесе мұндай оқиғалар қайталана береді, – дейді сарапшы Василий Мартынов.

Ол сондай-ақ әріптестерінің пікірін қолдайды: әуежай толық көлемде ICAO және IATA халықаралық стандарттарын енгізуі тиіс. Бұл құжаттарда кез келген төтенше жағдайға – жолаушылар арасында дүрбелең туындағаннан бастап, террорлық қауіп төнген сәтке дейін – әрекет ету хаттамалары нақты жазылған.

Дайындықтың төмендігі мен озық үлгілер

Сарапшы Василий Мартыновтың пікірінше, Алматы әуежайында жиілеген төтенше жағдайлардың басты себебі – қауіпсіздік қызметі персоналының жеткіліксіз дайындығы.

Менің субъективті көзқарасым бойынша, Алматы әуежайы терминалында орын алған барлық төтенше оқиғалар тікелей қауіпсіздік қызметкерлерінің әлсіз даярлығымен байланысты. Бұл жерде мәселе өте қарапайым: егер кез келген еуропалық әуежай терминалымен салыстырсақ, қызметкерлердің дайындық деңгейіндегі айырмашылықты анық көреміз. Мысалы, олардың қаншалықты жиі аттестациядан өтетіні немесе оқыту деңгейі біздегіден әлдеқайда жоғары. Ал Алматыдағы жағдайға не себеп болғанын құзырлы мемлекеттік органдар тексеруі тиіс, – дейді Мартынов.

Оның пікірінше, қауіпсіздік қызметінің жұмысын жақсарту үшін әрбір қызметкерді жиі аттестациядан өткізіп, кәсіби біліктілігін тексеру қажет.

Тіпті әдейі «тәртіп бұзушыларды» дайындап, кез келген төтенше жағдайда әр қызметкердің әрекет ету қабілетін шыңдау керек. Бұл процеске тіпті тазалықшы персоналға дейін қатысқаны жөн, – дейді сарапшы.

Мартынов сонымен қатар халықаралық әуежайлардың үздік тәжірибелерін мысалға келтіріп, олардың қауіпсіздік саласындағы дайындық деңгейі мен әдістемесі Қазақстанға үлгі бола алатынын атап өтті.

Мысалы, Сингапурдағы Changi әуежайында көпдеңгейлі қорғаныс жүйесі, заманауи технологиялық шешімдер және жоғары деңгейде дайындалған қызметкерлер бар. Онда арнайы дайындықтан өткен патрульдер жұмыс істейді, жүк автоматты түрде тексеріледі, ал персонал ICAO, IATA және ACI бағдарламалары бойынша тұрақты түрде оқу мен сертификаттаудан өтеді. Барлығы сағаттай дәл ұйымдастырылған. Жаңа Ыстамбұл әуежайында да орасан зор қауіпсіздік жүйесі бар – мұнда шамамен 3 500 қауіпсіздік қызметкері және 1 850 полиция қызметкері жұмыс істейді. Оған қоса мыңдаған бейнабақылау камералары, жылу датчиктері, периметрлік сенсорлар мен күзет радарлары орнатылған. Доха мен Парсы шығанағындағы басқа әуежайларда биометрияға негізделген «ақылды» технологиялар қолданылады. Мәселен, Дубайда бет-әлпетті сканерлеу жүйесі енгізілген инновациялық тоннельдер бар: жолаушы визуалды кеңістіктен өтіп бара жатқанда, жүйе автоматты түрде оның биометриясын тексеріп, бақылаудан өтуді жеделдетеді, – дейді инженер.

Айта кетейік, жақында Skytrax компаниясы Сингапурдағы Чанги, Копенгаген, Доха, Токио Ханэда және Рим Фьюмичино әуежайларын әлемдегі ең қауіпсіз әрі ең қолайлы тексеру рәсімі бар әуежайлар деп таныды. Бұл әуежайларда бәрі ұсақ-түйегіне дейін ойластырылған – кезек белгілерінен бастап жолаушыларға жылы қабақ танытатын қызметкерлерге дейін.

Қауіпсіздік тек қана рамка мен камераға байланысты емес. Ол – кешенді үдерістер, біріктірілген технологиялар, дағдыларды тұрақты тексеру және жоғары стандарттар деңгейі. Өкінішке қарай, Алматыда әзірге мұның бәрі жетіспейді.

Мартыновтың пікірінше, Алматы әуежайында:

  • тексеру сапасына бақылауды күшейту;
  • жолаушылардың қозғалысын мұқият қадағалау;
  • рейске отырмағандарды автоматты түрде тіркеу жүйесін енгізу қажет.

Сонымен қатар терминалда жолаушылар залында кезекші мамандар жұмыс істеуі тиіс. Олар күдікті немесе қауіпті мінез-құлықты дер кезінде байқап, алдын алуға дайын болуы керек. Ал техникалық ақауларға қатысты – жаңа нысандарды қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін тексеретін тәуелсіз сараптама міндетті болуы тиіс.

Әрине, біз әлемдік тәжірибені ескергеніміз жөн. Сингапур, Ыстамбұл, Дубай әуежайларындағыдай қауіпсіздік тек техника деңгейінде емес, үдеріс деңгейінде де мінсіз құрылуы қажет, – дейді қауіпсіздік саласының маманы.

Соңғы айларда Алматы әуежайы жүйелік проблемалардың айнасына айналды: құрылыс саласындағы салғырттықтан бастап, қауіпсіздік қызметтеріндегі олқылықтарға дейін. Мұндай оқиғалар – жеке-жеке болған қайғылы жағдай емес, тұтас жүйені түбегейлі қайта қарау қажеттігін аңғартатын дабыл. Егер шаралар тек бір реттік тексерулер мен жазалаумен шектелсе, жаңа төтенше жағдайлардың алдын алу мүмкін емес. Ал егер әуежай озық халықаралық стандарттарды енгізетін алаңға айналса, Алматы жолаушылар сенімін қайта оралтып қана қоймай, халықаралық көлік хабы ретіндегі мәртебесін шын мәнінде нығайта алады.


ПІКІР ЖАЗУ