Түркістан облысында 1 млн га-дан астам жер қайтарылды

Түркістан облысында соңғы үш жылда 1 млн гектардан астам жер аудандық жер қорына өтті. Жыл соңына дейін тағы 110 мың гектарды қайтару жоспарланған. Мамандар бұл аумақтар кезінде ауыл шаруашылығы мақсатында жеке тұлғаларға берілгенімен жылдар бойы игерілмегенін айтады.
Құрманғали Тұрымбетов «Келес» кеңшары тарағанда 700 гектар жайылым мен 130 гектар суармалы жерді меншігіне алған. Бірақ толық игере алмады. Соның салдарынан ортақ пайдалануға беруге мәжбүр болды.
Құрманғали Тұрымбетов, Жаңа Қоныс ауылының тұрғыны: — Жалпы Мақташы, Қарабура, Жаңа қоныс, Жамбыл, Бесауыл ауылдары ортақ жайылым ретінде пайдаланып жатты. Ал 2023 жылдың қазан айында Қошқар ата әкімшілігінің балансына өткіздік. Ал Ақтөбе ауылының тұрғыны Қайрат Құдайбердиев балық шаруашылығын дамытып отыр. Былтыр қайтарылған жер есебінен 5 гектар алған. Оған тоған қазып, балық жіберген. Қазір шабақ сатуман айналысады.
Қайрат Құдайбердиев, балық шаруашылығының басшысы: — Келесі жылға жоспарымыз 1 тонна украиналық амурдан алып, 200 млн шабақ шығарсақ деген ниеттеміз. Оған цехымыз дайын. Аймақта жайылым жер тапшы. Осы бағытта жер мамандары зерделеу жұмыстарын жүргізіп, биыл 5700 гектар жерді аудандық қорға өткізген.
Абай Молданов, Келес аудандық Жер қатынастары бөлімінің басшысы: — Бізде жұмысшы ретінде анықталған 135 жер пайдаланушы бар. Оның ішінде 24 жер пайдаланушыға 7400 жер учаскесіне нұсқама беріп қойдық. Бір жылдың ішінде мал саныны тіркеп, пайдаланбаған жағдайда сот тәсілімен жер учаскесін қайтаратын боламыз. Түркістан облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтару екі бағытта жүргізіледі. Біріншісі ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жоспар аясында жүргізілсе, екіншісі жұмыс тобы анықтаған ортақ жайылымдарды қайтару бойынша іске асады.
Қазір Жер ресурстарын басқару департаменті 124 мың гектар жайылымды мемлекет меншігіне алуды жүргізіп жатыр. Марат Әбуов, Жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы: — Қайтарылған жерлердің басым көпшілігін, елді мекенге жақын орналасқан жерлерді халықтың қоғамдық жайылымы үшін бекітіп беріп жатыр. Егер де қолайсыз жерлер болса, оны конкурс арқылы пайдалануға беріп жатырмыз. Қайтарылған жердің дені жайылымдар. Ал жерін бергісі келмегендердің ісі сот та қаралады. Мысалы, былтыр мемлекет меншігіне өткен 70 мың гектар жердің 8 мыңы сот тәртібімен қайтарылды. Биыл сотта 13 мың гектар жерді қайтару ісі қаралып жатыр.
https://24.kz/kz/zha-aly-tar/kogam/730928-turkistan-oblysynda-1-mln-ga-dan-astam-zer-kajtaryldy