Шымкенттік ұстаз «Әлем мұғалімі» жаhандық сыйлығының іріктеу кезеңіне қатысуда

0

Шолпан Әшірбаева Д.И.Менделеев атындағы № 15 мектеп-лицейінде 2010 жылдан бері орыс сыныптарында қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Жаңашыл, талапты ұстаз.

Шолпан Сабыржанқызы жұмыс барысында оқушылардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыруға өз үлесін қосып келеді. Қазіргі техника мен жаңа технологиялар дамыған заманда шығармашылық жұмыспен айналысу мақсатында өз шеберлігін танытып жүрген мұғалім. Заманауи әдіс-тәсілдерінің негізінде, мектепішілік іс-шараларға белсенді қатысып, оқушыларды топқа бөліп оқытуға және топтық жұмыстың тиімділігіне көңіл бөліп, өз тәжірибесінде қолданып келеді.

Ұлағатты ұстаздың дарынды шәкірттері біршоғыр. 2018 жылы 2,4-сынып оқушылары – Жасмина Рустамова, Александра Когай, Мухаррамай Ерметова республикалық қашықтықтан өткізілетін олимпиадалар орталығының 1,2,3 дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Бірнеше 4-сынып оқушылары «Тілдер» апталығында мәнерлеп оқудан үздіктер қатарынан көрінді. 2019 жылы мектепішілік А.Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған мәнерлеп оқу сайысына 2,4 – сынып оқушылары белсенді қатысып, шәкірттері жүлдегер атанды.

Білікті ұстаз 2021 жылдың 18 қаңтарында «Дарын» Республикалық орталығы ұйымдастырған дәстүрлі «Педагогикалық идеялар» фестиваліне қатысып, «Ойын сабақтары арқылы оқушылардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру» тақырыбында видео-сабақ жіберіп, қалалық байқаудан өтті. 2021 жылы «Онлайн ұстаз» курсын үздік аяқтап, сертификат алған.
Биыл тамыз айында ҚР Білім министрлігі ұйымдастырған «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығы – «Әлем мұғалімі» жаhандық сыйлығының іріктеу кезеңіне қатысуда.

Мектептегі бірнеше жылдық тәжірибесі бар ұстаз ретінде болашақ ұрпақты тәрбиелеуде және білім беруде алға қойған мақсаттары айқын. Оқушылармен жұмыс істеу барысында жаңа технологиялар және оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін пайдаланып, қуыршақ театрын ашып, ата-аналарға қолдау көрсетуге арналған курстар ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету аясында «Қамқорлық фондын» ашу да болашақ мақсаттарының бірі.


ПІКІР ЖАЗУ