«Астана» бас бапкердің екі жылға шеттетілуіне қатысты ресми мәлімдеме жасады
Клуб бақылау-тәртіптік комитеттің команданың бас бапкері Андрей Тихоновқа қатысты 24 айға дисквалификация түріндегі шешімін тым қатал деп санайды, деп хабарлайды sputnik.kz
АЛМАТЫ, 29 қазан – Sputnik. «Астана» футбол клубы «Қайрат» – «Астана» командалары арасындағы Olimpbet Қазақстан чемпионатының 25-турындағы матчы кезінде болған оқиғаға ресми түрде түсініктеме берді.»Астана» футбол клубы Olimpbet Қазақстан чемпионатының 25-турында болған оқиға үшін жауапкершілікті толық қабылдайды. Жақын арада клуб аталған оқиғаға байланысты шара қабылдайды», — делінген клуб хабарламасында. Клуб бақылау-тәртіптік комитеттің команданың бас бапкері Андрей Тихоновқа қатысты 24 айға дисквалификация түріндегі шешімін тым қатал деп санайды.
Sputnik Қазақстан ақпараты бойынша, Андрей Тихонов «Астана» футбол клубының жаттықтырушысы болып 30 қазанға дейін қалады. Бұл күні клуб «Тұранға» қарсы ойнайды. «Астана» ФК бас бапкері Андрей Тихонов алматылық «Қайратпен» болған матч кезінде елордалық ойыншылардың демарш жасағаны үшін шеттетілді. Қазақстан футбол федерациясының бақылау-тәртіптік комитетінің отырысынан кейін ол екі жылға жаттықтыру құқығынан айырылды. Андрей Тихонов «Астана» футбол клубын 2020 жылдың 16 қазанынан бері басқарып келеді. Қазір «Астана» футбол клубы Қазақстан чемпионатының аяқталуына дейінгі турда екінші орында тұр, қостанайлық «Тобылдан» екі ұпай артта қалып отыр. Соңғы турда «Астана» Түркістаннан келген «Тұранмен» ойнайды. Ал «Тобыл» Оралда «Ақжайықпен» шығады.
Ойын кезінде не болды?
Алматының орталық стадионында 24 қазанда «Астана» мен «Қайрат» матчының бірінші таймында елордалық команда матч кезінде ойын алаңынан бірнеше минутқа кетіп қалды. Соған байланысты «Астана» футбол командасының бас бапкерін екі жылға жаттықтыру құқығынан айыру туралы жаңалық тарады. Клубтың бас бапкері Андрей Тихонов содан кейін аталған жағдайға байланысты ешқандай талқылау болмағанын айтты. «Енді мені екі жылға жаттықтыру құқығынан айыру заңды ма деген сұрақ қызықтырып отыр. Тәртіптік регламентте осындай ұзақ мерзімді жаза көрсетілген тармақ бар ма? Мен тағы да қайталаймын: алаңнан кету туралы шешімді команда қабылдады, мен тек жігіттермен келістім», — деп атап өтті жаттықтырушы.