ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты жұмыс сапарымен Түлкібас ауданында болды

0

Бүгін Түлкібас ауданына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, “AMANAT” партиясының фракция мүшесі Ержан Құдайберген Төлепұлы келіп, аудан аумағындағы өзекті мәселелермен танысып, атқарылып жатқан жұмыстар барысын бақылады. Мәжілісмен жұмыс сапарын ауданымыздың шығыс қақпасында орналасқан төрт мыңға жуық халқы бар Шақпақ ауылдық округінен  бастады.

Кездесуге облыс мәслихатының депутаты Өркен Есей, ауыл тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құрал өкілдері қатысты.

Бірінші кезекте ауыл тұрғындарымен кездескен Құдайберген Төлепұлы, шақпақтықтардың көкейінде жүрген білім, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, әлеуметтік салалары мен жол қауіпсіздігі, баға тұрақтылығы және округ аумағында салынып жатқан жер асты өткеліне қатысты мәселелеріне құлақ асып, айтылған өтініш-ұсыныстарды Парламент қабырғасында әріпстестерімен талқылап, Заң талаптарына сай шешу мақсатында салалық министрліктермен тиісті жұмыстар атқарылатынын атап өтті. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Нұрлан Байғұт, тұрғындар тарапынан көтерілген аудан әкімдігі құзырындағы өтініштер мен ұсыныстарға жауап беріп, арнайы ауданымызға ат басын бұрып келген  Құдайберген Төлепұлына аудан тұрғындары және өз атынан алғысын білдірді.

Содан соң, мәжіліс депутаты округ аумағында «Ауыл-Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асып жатқан жол құрылысы жұмыстарымен танысып, сапасын бақылады. Айта кетерлік, өткен жылдан өтпелі болып округ орталығындағы 28 шақырымнан асатын ауыз су құбыры толығымен жаңартылып, нәтижесінде алты жүзден астам абонент таза ауыз суға қол жеткізіп отыр.

Бүгінгі таңда су құрылысы аяқталған және асфальт жабындысы төселмеген 15 шақырымды құрайтын 8 ішкі көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары бастау алған. Шақпақ ауылдық округіндегі жұмыс сапарын Құдайберген Төлепұлы «Көктал» шаруа қожалығында түйіндеді.

Бұл жерде мәжіліс депутаты қожалық жұмысымен танысып, шаруалармен сұхбаттасты. Бүгінгі таңда 353 гектар жеміс-жидек бауы бар шаруа қожалықта 100-ден астам жұмысшы қызмет етеді. Қожалықтың 123 га жері тамшылатып суғарылатын бау болса, 10 га қарқынды бауды, ал қалғаны дәстүрлі бауды құрайды. Биыл шаруа қожалық 3000 тонна жеміс-жидек жинауды жоспарлап отыр.

Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ