Жамбылдағы су тапшылығы дұрыс жоспарламаудан ушығып кетті

0

АСТАНА. ҚазАқпарат – Су шаруашылығы және гидротехнологиялық инженерия маманы Айгерім Кәрібай Жамбыл облысындағы шаруалардың құрғақшылықтан зардап шегуін дұрыс жоспарламаудың кесірі деп бағалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада «Қазақстандағы су дағдарысы: су ресурстарын тиімді басқарудың жолдары қандай?» деген тақырыппен өткен талқылауда сарапшы мамандар су тапшылығының Қазақстандағы ауқымы туралы пікір алмасты. Талықлау кезінде Жамбыл облысындағы күрделі жағдай жеке кейс ретінде қаралды.

«Әр вегетациялық кезең басталар кезде су мамандары жергілікті органдармен және шаруалармен бірлесіп, болжам жасаймыз. Биыл су тапшы бола ма, орташа бола ма, әлде мол бола ма? Әуелі осы сұраққа жауап табамыз. Одан кейін жергілікті бассейнде қандай дақылдар егіліп келгенін, биыл қандай дақылдар егілу керектігін анықтаймыз. Әр дақыл қанша гектарға егілетіні, ол дақылдарға қанша су бере алатынымыз жоспарланады. Бұл жоспарды су болжамын ескере отырып, жергілікті әкімдіктер арқылы шаруаларға жеткіземіз.Биыл Жамбыл облысында вегетациялық маусым ауыр өткенін білесіздер. Судың тапшылығынан еккен дақылдары күйіп кетті. Ең бірінші, бұл жерде дұрыс жоспарлау болмаған. Яғни, әуелі су ресурсына жауапты органдар жылдың су болжамына және қай алқапқа не егіліп жатқанына қарау керек болған. Тіпті наурыз айынан бастап қазан айына дейін қанша су қажет болатыны, қанша су берілетіні есептеліп, бекітілу керек еді. Шаруаларға судың болжамын айта отырып, түсіндіру жұмыстары күнделікті жүргізілу қажет. Барлық сегіз бассейн бойынша осындай жұмыс істелу керек», — деді Айгерім Кәрібаева.

Сондай-ақ, ол бассейндік инспекциялардың құзыретін көтермесе, салаға тәртіп орнату қиын екенін атап өтті.

«Қазақстанда сегіз ірі су бассейні бар десек, соның әрқайсысын басқаратын бассейндік инпеция бар. Қазір осы бассейндік инспекциялардың құзыреті шектеулі. Өйткені оларды қадағалау функциясы жоқ. Олар суды пайдаланбай жатқан немесе суды ластап жатқан диқанға немесе кәсіпорын әкімшілігіне барып, айыппұл салатын немесе пломб қойып кететін құқығы жоқ», — деді сарапшы.


ПІКІР ЖАЗУ