Түркістан: тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Сарыағашта 300 орындық мектеп пайдалануға берілді

0

Биыл Түркістан облысында жалпы мемлекет есебінен 33 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда осы 33 мектептің 7-уі пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 13 мектеп толықтай тапсырылады. Бұдан бөлек, 6 230 оқушыға шақталған 35 жекеменшік мектеп пайдалануға берілмек. Осы ретте бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында Сарыағаш ауданы, Құркелес ауылдық округі, Нұрлы жол елді мекеніндегі №50 А.Омаров атындағы мектептің 300 орындық жаңа ғимараты ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Арман Абдуллаев, облыстық және аудандық мәслихат депуттары, ауыл тұрғындары қатысты.

– Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Мереке қарсаңында жаңа білім ордасы ашылып, тағы бір қуанышқа кенеліп жатырмыз. Еліміздің дамуы мен болашағы білімді, дені сау ұрпаққа байланысты. Біздер бұл саланы жіті назарда ұстауға тырысып келеміз. Қазіргі таңда ауданда жаңа мектептердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ұстаздар қауымы балаларға жақсы білім берулеріңізге сенім білдіремін! – деген аудан басшысы ақ жарма тілегін білдірді.

Түркістан облысында 1032 мектепте 520 мыңдай оқушы оқиды. Жалпы 80 мыңнан астам педагог қызмет етіп жатыр. Президенттің халыққа Жолдауындағы тапсырмаларына сәйкес, апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында өңірде кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ балаларды оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және орта құру міндетін қойған болатын. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде өңірде 2023-2025 жылдар аралығында жобалық қуаттылығы 49 000 орынды 63 мектеп салынады.

Айта кетсек, аталған мектептің бұрынғы ғимараты апаттық жағдайда болуына байланысты, былтыр жаңа мектептің құрылысына қаржы бөлініп, мердігер мекеме тарапынан құрылыс жұмыстары сапалы аяқталды. Бүгінгі таңда, 300 оқушыға арналған мектепте оқушылардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасалған.


ПІКІР ЖАЗУ