Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық ахуалы қандай?
Ішкі істер органдары қызметіндегі ең өзекті тақырыптардың бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы ІІМ-нің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев елдегі ахуалды айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өткен жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қылмыстық және әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізілген болатын.
Қазір әкімшілік іс нақты дерек негізінде қозғалады. Соңғы құқықтық бағаны сот береді. Егер бұрын жыл сайын құқықбұзушылық бойынша 100 мыңнан астам дабыл түссе, оның 70%-ына жуық жағдайда полиция жәбірленушілердің арыз жазудан бас тартуына байланысты шара қолдана алмай отырды, — дейді ол.
Сондай-ақ осы арыз беру сипатынан анықтау сипатына көшкеннен соң зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасылармен профилактикалық жұмыс жанданды деп атап өтті спикер.
Өткен жылы тұрмыстық жанжал туралы 99 мың хабарлама түскен болса, онда 79 мыңнан астам құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мыңға жуық азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 130 мыңнан астам профилактикалық әңгіме жүргізілді, — дейді маман.
Жәбірленушілердің қауіпсіздігі үшін учаскелік полиция инспекторлары 87 мың қорғау нұсқамасын шығарды. Тәртіп сақшылары мұндай адамдарды назарда ұстайды.