ТҮРКІСТАН: Отырар ауданын дамыту тұжырымдамасы қаралды
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдерінің даму тұжырымдамаларын тыңдауды бастады. 2025-2030 жылдарға арналған «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштері және резервтер туралы бүгін Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай баяндады.
Аймақтың дамуының негізгі мақсаттары, алда қол жеткізетін көрсеткіштер, басты бағыттар мен экономикалық бастамалар осы құжатқа енгізіледі. Ауданды дамыту үшін негізінен ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бағытында жұмыс атқарылмақ. Ол үшін инвестиция тарту, жаңа технологияларды ендіре отырып, өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендетуді басым бағыт ретінде таңдалып отыр. Даму жоспарда аймақтың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, туризм және кәсіпкерлік сынды салалар қамтылған. Стратегиялық құжат аясында барлық салаларды дамытуға бағытталған шаралар ұсынылған.
Мәжілісте экономика және бюджеттік жоспарлау, ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті, туризмді дамытып, жұмыспен қамту үшін тиісті басқарма басшыларының ұсыныстары қаралды.
– Әр ауданның өз бағыты, бренді қалыптасу керек. Сол бағыт бойынша дамығаны дұрыс. Әкімдердің жұмысы халықтың әл-ауқатына байланысты бағаланады. Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті – өмір сүру сапасын жақсарту. Осы бағытта жан-жақты мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмысты жандандыру керек. Индикаторлар орындалуы тиіс. Отырар ауданының потенциалы жоғары. Ауыл шаруашылығын дамыту, егістікті тиімді игеру, су үнемдейтін жаңа технологияларды пайдалану керек. Туризмді, сауықтыру туризмін дамыту керек. Ауданда мал бордақылау алаңы аз. Австралиялық әдісті пайдаланып, мал шаруашылығының өркениетті саудасына көшу керек. Бесінші континенттің ірі және қазіргі заманғы мал биржаларының өзі алақандай жерде 20 мыңға дейін мал басын ұстайды. Тек берілген тапсырманы ғана орындап отыра берсеңіздер, дамымаймыз. Бюджетке қарап, соны игеруді – қате. Ондай заман бітті. Әр аудан әкімінің жүйелі жұмысы, бағыты болу керек. Іздену керек. Сыртқы көздерден келетін қаржы іздеу керек. Халықты жұмыспен қамту үшін, өндіріс орындарын көбейту үшін, қайта өңдеуді дамыту үшін. Жаңа зауыт, фабрикалар ашылатын болу керек. Бір алқапта бір ғана дақыл болу керек. Соны дамытып, қайта өңдеу, экспортқа шығаруды жөнге қою керек. Жалпы айтқанда, жүйеді жұмыс, өз ісіне деген жауапкершілік керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Биылға Отырар ауданында биыл 400 бас сүтті ір қара мал фермасы және жем өндірісі ашылмақ. 1000 гектарға жуық жерге су үнемдеу технологиясын енгізіліп, ауыл шаруашылығы техникалар паркін жаңалау жоспарланған.
– Инвестиция көлемін арттыру үшін 2030 жылға дейінгі іске асырылатын тізбесі жасалып, жоспарға 145 жоба енгіздік. Оның ішінде 2025-2026 жылдары іске асырылатын жалпы құны 45,1 млрд. теңгені құрайтын 4 ірі жобаға басымдық берілуде. 4 мақта зауыты, шағын мақта қабылдау зауыты, 1000 басқа арналған мал борақылау алаңы жобасы, құрама жем шығару цехы жобалары есебінен 2030 жылға дейін жалпы ауданға тартылған инвестиция көлемі 68,6 млрд. теңгеге артады.
2024 жылға өнеркәсіп өнімі көлемінің жылдық жоспары 22,4 млрд. теңгеге меже белгіленген. Ағымдағы жылдың 7 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 15 млрд. теңгені құрап отыр. Жыл соңына дейін бекітілген жоспар толық орындалатын болады, – деді аудан әкімі.
Отырар ауданы бойынша 33 500 гектарға жуық жерге егіс егілген. 10 855 га жерге жүгері, бидай, тары және көп жылдық мал азықтық дақылдары егілді. 500 га күздік бидай орылған. 2024 жылдың қорытындысымен 35 мың га егіс алқаптарынан жиналатын 350 мың тонна өнім есебінен және 9,9 тонна ет, 27,2 мың тонна сүт өнімдері есебінен толық орындалатын болады. 2025-2026 жылдары іске асырылуы жоспарланып отырған екі ірі жоба есебінен 2030 жылға дейінгі егіс алқаптарының көлемі 67 мың гектарға, мал басы санын арттыру есебінен өнім көлемін 93,8 млрд теңгеге, яғни екі есеге дейін арттыру көзделуде. Құрылыс, инфрақұрылым дамиды. Биыл 10-нан астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілмек. 2025 — 2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде 3 қонақ үй құрылысы басталады. «Арыстанбаб» кесенесі мен «Отырар төбе» қалашығы аралығындағы 1,7 шақырым жол бойын абаттандырылып, көркем сурет көрмесі мен өлкетану музейі салынады.
Аудан әкімінің баяндауынша, өңірлік өнім 2023 жылы 80,1 млрд. теңге болса, 2030 жылы 159,5 млрд. теңгеге немесе 2 есеге артады. 2030 жылға дейін 145 инвестициялық жобалар негізінде 3 000 жұмыс орыны ашылады. Шет елдік қонақтарды қызықтыра отырып, ауданнан шығатын өнімдерді және заманауи талаптарға сәйкес сервистік қызмет ұсынатын кәсіпкерлерді қолдауға күш салынбақ.