Мамыр айында ауа райы қандай болады

«Қазгидромет» синоптиктері Қазақстанда мамыр айында ауа райы қандай болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мамандардың дерегінше, биыл мамырда еліміздің басым бөлігінде орташа ауа температурасы нормадан 1°С-қа жоғары болады. Тек Шығыс Қазақстан, Алматы, Жетісу және Абай облыстарының шығысында ауа температурасы көпжылдық орташа мәндер шамасында сақталады.
Жауын-шашын мөлшері де көп аймақта қалыпты деңгейден төмен болмақ. Тек солтүстік-батыс, солтүстік өңірлерде, сондай-ақ Қызылорда, Түркістан мен Жамбыл облыстарының оңтүстігінде және Алматы, Шығыс Қазақстан, Жетісу мен Абай облыстарының шығысында жауын-шашын мөлшері нормаға сай күтіледі.
Айдың бірінші онкүндігінде еліміздің басым бөлігінде найзағайлы жаңбыр жауады, жел күшейіп, оңтүстік пен оңтүстік-батыста шаңды дауылдар болуы мүмкін. Кей күндері жауын-шашынсыз, ашық ауа райы сақталады.
Температуралық ауытқулар:
- Батыс өңірлерде түнде +4…+14°C, күндіз +15…+30°C;
- Оңтүстік-батыста түнде +10…+20°C, күндіз +20…+33°C;
- Солтүстік, солтүстік-батыс, шығыс және орталықтатүнде 0…+15°C аралығында, кей жерлерде -1…-6°C үсік күтіледі, күндіз +10…+30°C;
- Оңтүстік және оңтүстік-шығыста түнде +5…+20°C, күндіз +18…+35°C.
Айдың соңына қарай оңтүстік пен оңтүстік-шығыста температура +36°С-қа дейін жетуі мүмкін. Алайда кей кезеңде ауа температурасы +20…+25°C-қа дейін төмендейді. Арктикалық ауа массалары әсер еткен жағдайда, топырақ бетінде -2°С-қа дейін үсік жүруі ықтимал. Синоптиктер мамыр айында ауа райының құбылмалы болатынын ескертеді.