Қала әкімі Дархан Сатыбалды инженерлік желілер мен инфрақұрылым нысандарын күзгі-қысқы кезеңге дайындау мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Су және энергетика басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбайдың айтуынша, бүгіннен бастап Розыбакиев пен Байқадамов көшелерінің қиылысында, сондай-ақ Сәтпаев – Байтұрсынұлы, Бұқар жырау – Марков және Бекмаханов көшелерінде көлік қозғалысы қайта ашылды. 1 қыркүйекке дейін Лавренев пен Ғабдуллин көшелерінде, ал 7 қыркүйекке дейін Жамбыл мен Жароков көшелерінде қозғалыс жанданады.

Сонымен қатар «Тамарикс», «Сакура» және «Алтын Сити» тұрғын үй кешендеріндегі жылумен қамту мәселелері қаралды. Құрылыс компанияларымен бірлесіп қазандықтарды іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Әкім иесіз модульдік қазандықтардың жұмысын ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Дархан Сатыбалды қазылған жерлердегі жолдарды қалпына келтіруді барынша жедел аяқтау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ күзгі-қысқы кезеңге дайындық әкімдіктің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін айтты.