Жүктілік пен босанғанда берілетін төлемнің мөлшері қалай есептеледі?

0

Әлеуметтік кодекске сәйкес, балалы отбасыларды қолдауға арналған әлеуметтік қорғау шаралары енгізілген. Оның ішінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты әлеуметтік төлемдер бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл төлемдер қалай төленетінін түсіндірді.

Егер азамат ресми түрде жұмыс істеп, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысса, онда оған жүктілік пен босануға немесе жаңа туған баланы асырап алуға байланысты біржолғы төлем қарастырылады. Төлемге құқық жүктілігі және босану бойынша немесе баланы асырап алуға байланысты демалыс берілген күннен бастап туындайды.

Төлем мөлшері әр азаматқа жеке есептеледі. Бұл соңғы 12 айдағы кіріс көлеміне және демалыс күндерінің санына байланысты. Өтінімді egov.kz порталы арқылы проактивті форматта SMS арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы беруге болады. Өтінішті демалыс басталған күннен бастап 12 ай ішінде тапсыру қажет.

Егер ауыр босану жағдайы тіркелсе немесе бірнеше бала дүниеге келсе, төлем қайта есептелуі мүмкін. Әлеуметтік аударымдардың түсуін азаматтар egov.kz порталынан, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталығында тексере алады.

Толық ақпарат Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ресми сайтында және әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында жарияланған.


ПІКІР ЖАЗУ