120-150 депутат жеткілікті – Айдос Сарым

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған бір палаталы Парламент құру туралы ұсынысына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстанда бірпалаталы немесе қоспалаталы парламент қажет пе деген мәселе қоғамда жиі көтеріледі. Президент те өзінің реформаларын жүзеге асыру барысында қоғамдағы барлық пікірлер мен талаптарға жауап беруді көздеп отыр.
Бір жылдық талқылаудың ішінде біз үшін ең маңызды сұрақтарға жауап берілуі қажет. «Парламент қандай болуы керек?», «Онда қанша депутат болуы тиіс?», «Қандай заңдар қабылдануы керек?», «Қандай заңдарға өзгерістер енгізілуі қажет?» деген сұрақтар нақтылануы тиіс. Менің ойымша, бір жылдық талқылау осыған толық мүмкіндік береді, – деді депутат.
Айдос Сарымның пікірінше, қоғамдағы басты сауалдардың бірі биліктің сайлауды тосыннан жариялап, оппоненттердің дайындалып үлгермеуі жөніндегі алаңдаушылық. Депутат бұл мәселеге де нақты жауап берілгенін айтты.
Алдымен талқылау өткізіледі, содан кейін заң жобасы әзірленеді. Ол заң жобасы ұлттық референдумға шығарылады. Егер референдумда қабылданса, онда тиісті заңдарға өзгерістер енгізіледі. Содан кейін ғана қажетті сайлаулар мен басқа да қадамдар жүзеге асады. Бүгінгі күні ашық әрі айқын саяси реформаның жол картасы көрсетілді. Енді бұдан кейін алып-қашпа әңгімелер айтуға немесе реніш айтуға орын қалмайтын сияқты. Иә, осыған бәріміз ілігеміз, осының ішінде боламыз немесе саяси даңғылдың сыртында қаламыз дейтін сияқты анық-қанық осындай түсінікті жол картасы ұсынылды, — деді ол.
Бірақ ең бастысы бір жылдың ішінде тек сөз жүзінде қалмай, нақты шешімдер қабылдануы қажет.
Менің ойымша 120-дан 150-ге дейінгі депутат жеткілікті деп ойлаймын. Бір жылдың ішінде қандай заңдарға өзгеріс енгізілуі керек, қандай баптар мен талаптар қосылуы тиіс деген мәселелер нақтылануы тиіс. Қайтадан сараптап шығу қажет. Партиялар туралы заңды қайта қабылдауға болады. Ол алғаш рет 1995 жылы қабылданған болатын. Содан бері қаншама толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Бірақ сол кездегі партиялар мен қазіргі партиялардың көзқарастары екі түрлі болғаны анық. Сол сияқты, дәл осы логикаға сәйкес сайлау, референдум, президент пен парламент секілді негізгі институттарға да өзгерістер енгізу қажет, — деді депутат.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Қазақстан халқына жасаған Жолдауында елімізде бір палаталы Парламент құруды тапсырды.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған бір палаталы Парламент құру туралы ұсынысына қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, бұл бастама – қоғамда бұрыннан талқыланып келе жатқан және бүгінгі күннің өзекті қажеттіліктеріне жауап беретін маңызды қадам.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бір палаталы Парламент саяси реформалардың жалғасы екенін айтты.