Алматы бізді тамаша қарсы алды – «Реал» капитаны

«Реал Мадридтің» уругвайлық жартылай қорғаушысы әрі капитаны Федерико Вальверде Алматыдағы “Қайратпен” өтетін алдағы матч жайлы баспасөз мәслихатында пікір білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстандық және испандық командалар УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің екінші турында кездеседі. Ойын 30 қыркүйек күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Басталуы – жергілікті уақытпен 21:45.
Дүйсенбіге қараған түні “Реал” Алматыға ұшып келді. Команданы әуежайда көптеген жанкүйер күтіп алған. Вальверде мұндай ықыласты жылы қабылдады.
Алматы бізді тамаша қарсы алды. Біз “Реалдың” жанкүйерлерін көп көрдік, бұл біз үшін өте жағымды болды. Мұнда бұған дейін ешқашан ойнаған емеспін, бірақ бізге осыншама жанкүйер қуанып тұрғанын көру керемет сезім. Бұл біз үшін мақтаныш әрі футболдағы ең әдемі құбылыстардың бірі. Осындай алыс елде бізді осынша жанкүйер қуанышпен қарсы алғанына ризамыз. Оларға жеңіс сыйлаймыз деп үміттенемін, — деді Вальверде.
Уругвайлық ойыншының айтуынша, “Реал” соңғы матчта мадридтік “Атлетикодан” ойсырай жеңілгеннен кейін реабилитация жасауды мақсат тұтып отыр.
Футбол тұрғысынан біз алдағы ойынды мүлде басқа қылғымыз келеді. Жеңіске жетіп, “Атлетикодан” жеңілістің орнын толтыруға тырысамыз. Соңғы екі күн біз үшін өте ауыр өтті. Бұл жеңіліс бізге қатты соққы болды. Осы жөнінде көп әңгімелестік, келесі ойында алаңға әлдеқайда мықты әрі шоғырланған түрде шығуды қалаймыз. Бізді “Қайратқа” қарсы маңызды матч күтіп тұр. Осы ойында бәрін өзгерткіміз келеді. Біз көп уақытты тактикаға арнадық, қарсыласымызды талдадық. Командамыздың имиджін алаңда жоғары деңгейде көрсеткіміз келеді, – деді Вальверде.
Еске салайық, бұған дейін “Қайрат” ФК бапкері “Реалмен” ойын жайлы пікірін айтты.
Айта кетейік, өткен түнде Алматы әуежайына испандық «Реал Мадрид» футболшылары қонған ұшақ келіп жетті. Әлемге атақты футболшыларды Алматы әуежайында қазақы қонақжайлықпен қарсы алды.
30 қыркүйекте қазақстандық «Қайрат» пен мадридтік «Реал» матчы өтеді. Кездесу Алматының Орталық стадионында сағат 21:45-те басталады.