“Мүмкіндіктер терезесі” шектеулі: BCG Қазақстанға жедел әрекет етуді ұсынады

0

Қазақстан мен Орталық Азия елдері бір саланың шеңберінен шығып, “күрделі кешенді мәмілелер” дәуіріне қадам басты. Мұндай тұжырым Boston Consulting Group компаниясының Орталық Азия мен Каспий аймағына инвестициялар тарту жөніндегі зерттеуінде келтірілген. Бұл туралы XVI Еуразиялық Kazenergy форумы аясында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

BCG серіктесі Талғат Теміржановтың Қазақстан ерекше жағдайда тұрғанын айтты. Бір жағынан ел бай ресурс базасына және “Шығыс–Батыс” транзит дәлізіндегі стратегиялық орынға ие болса, екінші жағынан нарықтардың бытыраңқылығы мен артық бюрократия сияқты қиындықтарға кезігіп жатыр.

Біз әлемнің күрделі стратегиялық альянстар, технология трансфері және әртараптандыру дәуіріне кіргенін көріп отырмыз. Қазақстан үшін бұл – жаһандық экономикадағы негізгі ойыншы ретіндегі рөлін бекітіп, мемлекет пен бизнес арасында, отандық әрі халықаралық деңгейде сенім орнатудың мүмкіндігі, – деді Теміржанов.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, өңір халқы мен ІЖӨ көрсеткіштері бойынша Түркия немесе Вьетнаммен салыстырмалы жағдайда, алайда ауқымы мен интеграциясы жағынан артта қалып отыр. Бұл кемшілікті энергетиканы дамыту, инновациялық технологияларды енгізу және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық сияқты жаңа құн көздері есебінен өтеуге болады.

Бізде уран, газ, жұмыс күші сияқты ресурстар бар. Бірақ оларды жаңа технологиялармен қалай ұштастыру керегін ойлауымыз қажет. Әлемде қазірдің өзінде технологиялық және атом компаниялары арасында альянстар пайда болып жатыр. Неге Қазақстан бұл үдерістердің бір бөлігіне айнала алмайды? – деді BCG өкілі.

Зерттеу аймақтың инвестициялық тартымдылығына да ерекше назар аударады. Сарапшылар Қазақстанның мықты жақтарына геосаяси орнын, жұмыс күшінің білім деңгейін және тұтынушылық нарықтың әлеуетін жатқызады. Ал тәуекелдер қатарында инвесторлар ережелердің тұрақсыздығын, мемлекеттік құрылымдардағы кадр тұрақсыздығын және саяси факторларды атап өткен.

Теміржанов сонымен бірге уақыттың тығыздығына назар аударды. Оның айтуынша, қазіргі “мүмкіндіктер терезесі” шектеулі, ал кідіріс болған жағдайда бұл олқылықты басқа өңір толтыруы мүмкін.

Мемлекет пен бизнес арасында сенім орнату – тұрақты дамудың кілті. Қазақстанның жаһандық экономикадағы орнын бекітуіне тек бірлескен іс-қимылдар ғана мүмкіндік береді, – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, “Qazqontent” АҚ – Kazakhstan Energy Week – 2025-тің бас ақпараттық серіктесі.


ПІКІР ЖАЗУ