«Заңсыз кредит»: Депутат банктерге қатысты мәлімдеме жасады

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов алаяқтық несиелер мен қаржы ұйымдарының әрекетіне қатысты бірқатар мәселені көтерді. Оның айтуынша, көптеген заңсыз несиелер банктердің өз қызметкерлерінің қатысуымен рәсімделеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың пікірінше, банктер кей жағдайда заң талаптарын бұзып, клиенттердің деректерін жеткілікті тексермей-ақ несие рәсімдейді. Ал мұндай даулар туындағанда қаржы нарығын реттейтін агенттік көбіне банктердің жағына шығатын көрінеді.
Біз қатаң заң қабылдадық. Бірақ Агенттік басшылығы мәселеге осылай біржақты қарай берсе, әділдікке ешқашан жете алмаймыз. Сондықтан алдағы уақытта прокуратураға жүгініп, қажет болса агенттікті сотқа беру керек. Өйткені олар өз құзыреттерін толық орындамай отыр, – деді депутат.
Әбеновтің айтуынша, егер азамат банкке өзі барып, жеке қол қоймаса, мұндай несие заңсыз деп танылады. Бұл норма өткен жылдың қыркүйегінен бастап заңға енгізілген.
Адам өзі барып, биометрия өтіп, қол қоймаған несие үшін жауап бермеуі керек. Мұндай жағдайда азаматтар сотқа жүгінуі қажет, – деді ол.
Сондай-ақ депутат нотариустар арқылы азаматтардың шоттарын бұғаттау мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, қазір шоттардың шамамен 99 пайызы сот шешімінсіз, нотариустар арқылы жабылып жатыр.
Қазір жеке банктер сотқа бармай-ақ, нотариусқа жүгінеді. Нотариус бір құжаттың негізінде азаматты кінәлі деп шығарып, барлық шотын бұғаттайды. Бұл – Конституцияға қайшы норма, – деді Әбенов.
Депутаттың сөзінше, жаңа Конституцияда осы мәселе қаралып, өзгеріс енгізіледі. Яғни барлығы сот арқылы шешіліп, банктер еркін жүре алмайды.
Депутаттың мәліметінше, мұндай тәжірибе микроқаржы ұйымдары мен ломбардтарда да кең таралған. 2019 жылы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, олар да сотқа жүгінбей-ақ нотариус арқылы қарызды өндіріп алу мүмкіндігіне ие болған.
Микроқаржы ұйымдары мен ломбардтар өте жоғары пайызбен несие береді – кейде 100 пайызға дейін. Бірақ сотқа бармайды, барлық құжатты нотариус арқылы рәсімдейді. Бұл – әлемде жоқ, бұл коррупциялық норма, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, қазір осы тетіктердің салдарынан шамамен 1,5 миллион азаматтың шоты бұғатталған.
Бұл адамдардың көпшілігі сотқа да қатыспаған, пікірлері де сұралмаған. Нотариус ешкімді шақырмай, сырттай шешім шығарып, шоттарын бұғаттап тастаған. Мұның бәрі заңсыз, – деді Әбенов.
Ол алдағы уақытта жаңа Конституцияда өзгерістер енгізіліп, мұндай істер тек сот арқылы қаралады. Сондай-ақ депутат 1,5 миллион азаматтың бұғатталған шоттарын қайта қарау мәселесін көтеретінін жеткізді.








