Тоқаев: Қазақстан Еуразиядағы жетекші ғылыми-технологиялық орталыққа айналуы тиіс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапары барысында ғылым мен технологияның ел дамуы үшін шешуші маңызға ие екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысы қол жеткізілген нәтижелерге тоқмейілсімей, жаңа мақсаттарға ұмтылу қажеттігін айтты.
Біз қол жеткізген нәтижеге тоқмейілсіп, көрсеткіштермен мақтанбауымыз керек. Керісінше, жаңа мақсаттарға жету үшін тынымсыз еңбек етуіміз қажет. Әлемдік бәсеке күшейген кезеңде біз әрдайым жеңімпаз болуымыз керек, – деді Президент.
Оның айтуынша, Қазақстан ғылым мен технологияға бет бұрып, өркениет көшінен қалмауы тиіс.
Өркениет бізге өздігінен келмейді. Оған қол жеткізу үшін қоғам жұдырықтай жұмылып, күш біріктіруі қажет. Ғалымдар, технологтар, кәсіпкерлер, студенттер – барлығы ортақ іске атсалысуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент адам капиталының сапасын арттыру – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Қазақстанның ертеңі қандай болатыны сіздердің идеяларыңызға, зерттеулеріңізге және ашқан жаңалықтарыңызға тікелей байланысты. Біз елді Еуразиядағы жетекші ғылыми және технологиялық орталыққа айналдыра аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездесті. Президент ғылыми қауым алдында сөйлеген сөзінде бүгінде түрлі мемлекеттер арасында технологиясы озық ел болу үшін қарқынды күрес жүріп жатқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми әзірлемелер ел экономикасына нақты пайда әкелуі тиіс екенін де айтты.








