Түркістан: Қазығұртта 4,5 мың гектар жер тұрғындарға қайтарылды
Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында жер дауы шешімін тауып келеді. 22 қыркүйекте Қазығұрт ауданы, Қарабау ауылдық округінің Жұмысшы, Қарабау және Сынтас елді мекендерінде тұрғындармен «Қарабау ТӨШ» ЖШС-нің теңгеріміндегі жер телімдерін пай үлеске бөліп беру мәселесі қаралды. Жиналыста ауыл тұрғындары талабы егістік жерді «Қарабау ТӨШ» ЖШС-нің теңгерімінен аудан қорына қайтарып, ауыл тұрғындарына пай үлеске бөліп беруді талап еткен болатын.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Ұлттық аграрлық білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма басшылары ауыл тұрғындарының талабын толық тыңдап, нақты шешімді айтатын болып келісілген-ді. Осыған орай 27 қыркүйекте Қазығұрт ауданына ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Б.Бекбауов, «Ұлттық аграрлық білім беру орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Д.Балпанов арнайы келіп, үш ауылдың тұрғындарымен кездесті. Кездесу нәтижесінде «Қарабау ТӨШ» ЖШС-не қарасты 4959,5 гектар жердің 4468,5 гектары ауданның арнайы жер қорына қайтарылатын болып шешілді. Ол жер үш ауылдың тұрғындарына теңдей бөлініп беріледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі